Аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қостанай облысында тойдан кейін 82 адам ауруханаға жатқызылды. Кеш қонақтары астан уланыпты. Мейрамхана қазір уақытша жабық, онда тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Аталған жағдайға қатысты «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Мейрамханада тексеріс жүргізіліп, тағам мен ауыз судан сынама алынды, қызметкерлер де тексерілді. Барлық талдау қазір зертханада, нәтижелері әзір дайын емес. Белгілі болғандай, бұл нысан күнделікті жұмыс істемейді, тек банкеттерге қызмет көрсетеді», - деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.
Улану белгілерімен ауруханаға 85 адам түскен, алайда үшеуі медициналық мекемеде жатудан бас тартыпты.
Айта кетейік, олардың қатарында 7 бала бар. Науқастар іш өту, дене қызуының көтерілуі және әлсіздік белгілерін айтып шағымданған. Оқиға орнына санитарлық авиация арқылы инфекционист, терапевт, педиатр және өзге де мамандардан құралған арнайы топ жіберілді. Басқарма басшысы да Торғайға барып, медициналық көмекті үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Науқастардың жағдайы қазір қанағаттандырарлық. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Жалпы, уланған азаматтардың 27-сі Жангелді ауданында, 52-сі Арқалықта, ал алтауы облыстық ауруханада ем-дом алып жатыр», - деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында 400 ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі