Прокуратура қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті
Қостанай облысының прокуратурасы үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында 2024 жылғы 16 желтоқсанда Түркістан облысының 33 жастағы тұрғыны Қостанай – Әулиекөл – Сурған тасжолының 148 шақырымында "VOLVO" автокөлігін басқарып келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, салдарынан "Toyota Alphard"-пен соқтығысқанын анықтады.
«Апат салдарынан "Toyota Alphard" автокөлігінің жүргізушісі және оның екі жолаушысы қаза тапты, тағы біреуі түрлі дене жарақаттарын алды», - делінген ведомство хабарламасында.
Кінәлі жүргізушінің іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге және үш адамның өліміне әкеп соққан автомобиль басқарушы адамның жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша сараланған.
Баптың санкциясы жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қылмыстық іс Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды.
Оқи отырыңыз: Астанада 22 жастағы жігіт көпқабатты тұрғын үйден құлап кетті