Бұл туралы өңірдің қазіргі басшысы Құмар Ақсақалов хабарлады
Қостанай облысының бұрынғы әкімі Кенжебек Укин дүние салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы өңірдің қазіргі басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Кенжебек Укинович Укиннің өмірден озғаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Ол елдің дамуына үлкен үлес қосқан абыройлы мемлекет және қоғам қайраткері болды. Кенжебек Укинович еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, облыс әкімшілігінің басшысына дейінгі ұзақ жолды жүріп өтті. Ол әсіресе Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру жылдарындағы қиын кезеңдерде ерен еңбегімен танылды.
Марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Оның еңбегі мен парасаты болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі болып қалады», - деп жазды Қ. Ақсақалов.
Кенжебек Укин 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қойтас ауылында дүниеге келген.
Кеңестік және қазақстандық партия қызметкері, мемлекеттік қызмет ардагері, қоғам қайраткері. Қостанай облысының Құрметті азаматы. 90-жылдардың басында Қазақстан Компартиясы Торғай облыстық комитетінің бірінші хатшысы және халық депутаттары Торғай облыстық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1992-1993 жылдары Қостанай облыстық әкімшілігінің басшысы болды.
Оқи отырыңыз: Семейде алапат өрттен қаза тапқан орманшылардың құрметіне ескерткіш орнатылды