Қостанайда 10 мыңға жуық бөтелке заңсыз алкоголь тәркіленді

01.08.2025 09:17

Аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалып, барлық алкоголь өнімі тәркілеуге алынды

Қостанай облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті

Қостанай қаласында заңсыз айналымда болған 9 606 бөтелке алкоголь өнімі тәркіленді. Жалпы көлемі — 5 054 литр. Бұл өнімдер Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұза отырып сатылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің және Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері акциздік маркамен таңбаланбаған ірі көлемдегі алкоголь өнімінің партиясын анықтады.

Тексеру барысында ер адамның есепке алу-бақылау маркаларынсыз алкоголь өнімдерін сақтап, заңсыз сатқандығы белгілі болды. Барлық өнім көлемі – 5 054 литр немесе 9 606 бөтелке.

Ведомство өкілдері есепке алу-бақылау маркалары тауардың заңды жолмен өндірілгенін және акциздер мен салықтардың төленгенін растайтын міндетті таңбалау элементі екенін еске салды.

Аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалып, барлық алкоголь өнімі тәркілеуге алынды.

Мемлекеттік кірістер органдары азаматтар мен кәсіпкерлерге тек ресми және тексерілген жеткізушілерден ғана алкоголь өнімін сатып алуға кеңес береді.

Оқи отырыңыз: ШҚО-ға басқа қаладан есірткі тасымалдап келген адам ұсталды