Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қостанай облысының прокуратурасы лауазымды адамға пара беру туралы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі жедел тергеу хаттамасын бекітті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлағандай, тергеп-тексеру нәтижесінде аталған тұрғын ақаулы габариттік шамдары бар көлік құралын басқарған. Бұл үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Автокөліктің техникалық талаптарға сәйкес еместігін жол полициясы қызметкерлері анықтап, жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама жасауға шаралар қабылдаған.
"Алайда жауапқа тартылғысы келмеген жүргізуші полиция қызметкеріне 3000 теңгені пара ретінде беруге тырысқан, оған полицей пара үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірген. Полицейдің сөзін елемей, жүргізуші пара ретінде аспаптар панеліндегі сөреге 3 мың теңге қояды", - делінген хабарламада.
Қостанай облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оның іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 367-бабы 1-бөлігі (лауазымды адамға пара беруге қастандық жасау) бойынша саралады.
Осы қылмыс үшін жауапкершілік 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
Қылмыстық іс Федоров аудандық сотына жіберілді.
"Күдіктіге қатысты оның кінәсінің дәрежесін айқындай отырып, түпкілікті шешімді сот қабылдайды", - делінген прокуратура хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Павлодарда он күн бұрын жоғалып кеткен әйел табылды