Қостанайда жүк көлігі зейнеткерді қағып өлтірді

28.10.2025 21:36

Арнайы техника қоқыс шығарумен айналысатын компанияға тиесілі болып шықты

Қостанайда «КамАЗ» жүргізушісі зейнеткерді қағып кетіп, мерт қылды. Қайғылы оқиға кеше Садовая көшесіндегі аулалардың бірінде болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Полиция департаментінің мәліметінше, жүк көлігін айдаған азамат әйел адамды артқа қозғалған сәтте байқаусыз жазым етіпті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен зейнеткер жедел жәрдем келгенше жан тапсырған.

Анықталғандай, арнайы техника қоқыс шығарумен айналысатын компанияға тиесілі екен.  

«Қазір сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды», - деді Қостанай облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Әлішер Күшекбаев.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде такси жүргізушісі 7 жастағы қызды қағып кетті