Қазақмыс» корпорациясынан отын мен кен өнімдерін ұрлаған қылмыстық топтар ұсталды
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі еліміздегі стратегиялық маңызды және қала құраушы кәсіпорындарда заңдылық пен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Өндіріс секторына орасан зор зиян келтіретін көлеңкелі схемалар мен ұрлық фактілерін анықтауға ерекше көңіл бөлінуде, — деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясы төңірегіндегі ахуал
Ұлытау облысында өткен жылдан бері полиция «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС аумағынан мүлік ұрлаумен айналысқан бірнеше қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелді.
Мәселен, құрамында қымбат металдардың мөлшері жоғары руда қорытпаларын ұрлау схемасын ұйымдастырған жергілікті криминалитет жетекшілік еткен топ мүшелері сотталды. Тек биылдың өзінде полицейлер ірі көлемде шығын келтірілген төрт ұрлық дерегін ашты.
Жанармай ұрлығы мен күзет қызметкерлерінің қатысы
7 мамыр күні ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, компания аумағынан жанармай ұрлаумен айналысқан топты құрықтады. ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс бұл істің мән-жайын былай түсіндірді:
«Жедел іс-шаралар барысында жанар-жағармай материалдарын ұрлап, кейіннен сатуды ұйымдастырған күдіктілер ұсталды. Олардан бір тоннадан астам отын, ірі көлемде ақша, көлік құралдары, қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді. Тергеу барысында ұрлықтың арнайы техниканы жалған толтыру және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылғаны анықталды. Бұдан бөлек, жекелеген күзет құрылымдары қызметкерлерінің қылмысқа жәрдемдескен фактілері де белгілі болды», — деді Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта қаржылық-шаруашылық құжаттарға талдау жасалып, тергеу-жедел іс-шаралары жалғасуда. Алдын ала мәліметтер бойынша, келтірілген шығын көлемі аса ірі мөлшерді құрауы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Жаздан бастап жасөспірімдерге әлеуметтік желі қолдануға тыйым салынады