Астанадағы ірі өрт: кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін арнайы штаб ашылды

Төтенше жағдайлар қызметі «Шанхай» базарында соңғы 5 жыл ішінде өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізілмегенін мәлімдеді.

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанадағы ірі сауда орны өртке оранды. Қызыл жалын базар аумағына тез таралып, ғимараттың үш қабатын түгел шарпыған. Оқиға орнына 165 маман мен 60-тан астам техника жедел жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт кезінде 3 құтқарушы жарақат алған. Олардың екеуіне алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, біреуі ауруханаға жеткізілген. Тілсіз жаудың неден шыққаны, шығын көлемі алдағы сараптама нәтижесінде белгілі болмақ.

Күйбең тірліктің қайнаған ортасы болған бұл жерде қазір жұмыс толығымен тоқтаған. Төтенше жағдайлар министрілігінің сөзінше, өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, жалын ғимараттың барлық аумағына тарап үлгерген. Абырой болғанда өрт жақын орналасқан ғимараттарға жайылмапты.

«Тепловизормен тексеру жұмыстарын жүргізген кезде сыртқы қабырғаларының температурасы 800 градустан асып тұрды. Келгенде 1, 2 және 3-қабаттың төбесіі құлап түскені анықталды», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Алтынбек.

Кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін арнайы штаб ашылды. Онда өрт салдарынан сауда нүктелері зардап шеккен барлық жалға алушыларға, кәсіпкерлерге және базар қызметкерлеріне кеңес беріледі. Арнайы штабқа жиналған халық ендігі күніміз не болады деп алаңдаулы. Айтуларынша, алда мектепке баратын уақыт жақындағандықтан көптеп тауар алдырып қойған. Барлығы да көкке ұшты.

«Көз алдымызда жанып кетті. Ерлер киімін сатамын. Шамалап айтқанда 40-45 млн теңгенің тауары жанып кетті.  Кеше тауар кіргіздім, қосқанда 65 млн теңгенің заты жоқ болды. Банкке үсіттенім отырмыз. Ішкі жан-дүниеміз жанып кетті», – деді қала тұрғыны Архат Әділжан.

«1 млн теңге күйіп кетті. Себебі мен ол 1 млн-ға дайындалып едім. Бізде міне Салық төлеу керек, жалға аламыз, оның ақшс бар. Алматыға тауар жіберем деп жоспарлам ем. «Қазақстаннан маңдай теріммен  бір үй алам» деп ақшамды жинап, сауда істеп жүр едім», – деді қала тұрғыны Зағура Әбдірахман

Сауда орталығы өкілдерінің ресми дерегінше, базарда 262 кәсіпкер сауда-саттықпен айналысып келеді. Өрттен кейін әкімшілік тарапынан оларды қолдау шаралары қарастырылып, кәсіпкерлерге жаңа сауда орындары ұсынылатыны айтылды.

 «Өрт – тілсіз жау, барлық жағдай қарастырылып жатыр, кәсіпкерлерге арнайы орындар бөлінеді. Кісілерден шығындарын есептеліп, тізімге жазылып жатыр», – деді сауда орталығының өкілі Тоғжан Төтебекова.

Төтенше жағдайлар қызметі «Шанхай» базарында соңғы 5 жыл ішінде өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізілмегенін мәлімдеді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеумен Төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі айналысып жатыр. Іс өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша тіркелген. Тілсіз жаудың себебін анықтау үшін арнайы өрт-техникалық зертхана жұмыс істеп жатыр. Сараптама нәтижесінде келтірілген алдын ала шығын көлемі белгілі болмақ.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Астанадан

Оқи отырыңыз: Заң мен тәртіп: кәсіпкерлерді қандай мәселе мазалайды

Новости партнеров