«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына 1,42 млрд теңге айыппұл салынды

22.09.2025 21:55

ергеп-тексеру нәтижесінде департаментпен серіктестік атына әкімшілік хаттама толтырылды

Almaty.tv

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына 1,42 млрд теңге айыппұл салынды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген тексеріс барысында ұлттық тасымалдаушының монополиялық жағдайын теріс пайдаланып келгені анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, жүк тасымалдау жоспарын келісу кезінде «KTZ Express» пен «КедентрансСервис» акционерлік қоғамы секілді ұйымдарға басымдық беріп, өзге экспедиторлық компаниялардың жұмысына кедергі келтірген. Бұл жайтқа еліміздің ұлттық қауымдастығы, Қырғыз экспедиторлар қауымдастығы және бірқатар көлік-логистикалық ұйымдардың өтініші негіз болыпты. Алғашында сот компанияға айыппұл салу туралы шешім шығарғанымен, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» оған апелляциялық шағым түсірген. Алайда биыл 15 қыркүйекте Астана қалалық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

 «Тергеп тексеру аясында серіктестік басқа нарық субъектілеріне, яғни серіктестікке қатысы жоқ нарық субъектілеріне көлік экспедиторлық қызметтер нарығына қол жеткізуге кедергі жасағаны, сонымен қатар «KTZ Express», «КедентрансСервис» АҚ-на артықшылық беру арқылы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактілері анықталды. Тергеп-тексеру нәтижесінде департаментпен серіктестік атына әкімшілік хаттама толтырылды», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бәсекелестікті қорғау бөлімінің басшысы Айжан Тынымбаева.

Оқи отырыңыз: Алаяқтың құрбаны: ақтөбелік тұрғындар 16 миллион теңгеден айырылған