Құпия қылмыс: Қызылордада екі адамды айуандықпен өлтірген 4 қылмыскер сотталды

07.11.2025 21:26

Сотталушылар ізін жасыру үшін азаптап өлтірген балықшылардың денесіне құмға толы қапшық байлап, теңізге тастаған

Қызылордада екі адамды аяусыз азаптап, айуандықпен өлтірген 4 қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты. Белгілі болғандай, бақилық болғандар мен сотталушылар бірге балық аулауға барған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік жағдай Арал теңізінің жағалауында болған. Қосқа жиналып, ащы судан сілтеген балықшылардың кикілжіңі ұрыс-керіске ұласып, соңы екі адамның өліміне әкелген. Зұлымдық мұнымен тоқтамай, сотталушылар ізін жасыру үшін азаптап өлтірген балықшылардың денесіне құмға толы қапшық байлап, теңізге тастаған.

«Мәйіт мойнына құм толтырылған қап байланып, одан қалды аяқ-қолы пресс жіппен байланып, денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар күйде табылды. Бірнеше сараптама жүргізіліп, нәтижесіне сәйкес, кісінің қолынан қаза тапқаны дәлелденді. Қылмысқа қатысы бар кісілердің айғақтарына, жауаптарына сәйкес  басқа да жинақталған дәлелдемелерге сәйкес кінәсі толық дәлелденді», – деді ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Нұржан Өмірзақ.

Қылмыстық іс екі жылдан соң ашылып отыр. Оған дейін хабар-ошарсыз жоғалғандардың қатарына енген жәбірленушілерге қатысты дерек құпия күйінде қалған. Іс түпкілікті тексеріліп, сотқа биыл мамырда жолданыпты. Істі алқабилер қарап, енді сот 4 айыпталушыға үкім кесті.

«Сотталушылардың іс-әрекеті қылмыстық іс құжаттарымен толық дәлелденіп, сараптама нәтижесімен сот процесінде анықталды. Іс бойынша 4 сотталушы жазасын алды», – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің басшысы Ерлан Раушанбекұлы.

«Сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1,7-тармақтарымен яғни адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен екі адамды құқыққа қасақана қазаға ұшыратып, адам өлтіру дерегімен кінәлі деп танылды. 3 сотталушыға қатысты 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, бір сотталушыға қатысты 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді облыстық прокуратураның аға прокуроры Бахай Махамбетжанов.

Сорақысы сол, сотталушылардың қатарында бұрынғы полиция қызметкері де бар. Ал тағы бір күдікті бұрын істі болған. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі арнаға келетін су көлемін азайтты