Құрбысының бетін күйдірген екі қыздың ата-анасы миллион теңге өтейді

01.08.2025 15:45

Қостанай облысына қарасты Лисаковск қаласында 6-сынып оқушылары ұйықтап жатқан құрбысының бетін, оң аяғы мен сол қолын қасақана күйдірген

Қостанай облысына қарасты Лисаковск қаласында 5-сынып оқушысына қорлық көрсеткен 2 қыздың ата-анасы 1 миллион теңге өтеуге міндеттелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Есте болса, биыл сәуір айында 6-сыныптың оқушылары тамақ дайындайтын металл қалақты газға қыздырып, ұйықтап жатқан құрбысының бетін, оң аяғы мен сол қолын қасақана күйдірген еді. Сот-медициналық сараптама дене жарақаты мен денсаулыққа келген жеңіл зиянды растады. Ал сот кінәлі тарапқа моральдық төлем өтеу қажет екені туралы үкім шығарды.

«Аталған сома үлестік тәртіппен, яғни, әрбір ата-анадан 500 мың теңгеден өндіріледі. Сондай-ақ ендігіде талап қоюшыға қосымша ем немесе косметикалық ота қажет болса, сотқа материалдық шығындарды өтеу туралы талаппен жүгінуіне құқығы бар», – деді Қостанай облыстық соттың баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.

Оқи отырыңыз: Шымкентте жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды