Құрметті донор: елімізде жылына 250 мың адам қан тапсырады

Олардың 70 пайызы ер адамдар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде қан тапсыратындардың 70 пайызы ер адамдар. Мұндай деректі Астанадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының мамандары айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елордадағы қан орталығына келушілердің қарасы қалың. Олардың мақсаты бір – қан тапсырып, өмір үшін күресіп жүрген жандарға үміт сыйлау. Көпшіліктің арасында инфекционист дәрігер Тасқын Бабағұмаров та бар. 30 жастағы азамат соңғы 5 жылда қан тапсыруды әдетке айналдырған. Орталыққа 5 айда бір келіп отыратын ол донор болғалы ойлау қабілеті жақсарып, тәбеті ашылып, өзін жақсы сезінеді.

«Мақсат – басқа адамдарға көмектесу. Дәрігерлік салада жұмыс істегендіктен, апатты немесе басқа да қиын жағдайда қанның маңызын түсінемін. Сол себепті келіп тапсырамын», – деді қала тұрғыны Тасқын Бабағұмаров.

Орталыққа күніне Тасқын сияқты 150-ге жуық ерікті келіп, қан тапсырады. Былтырдың өзінде Астанада 31 мың адам донор болыпты. Оның ішінде алғаш рет келгендердің саны 7 мыңнан асады. Ал 3800-ге жуық адам – тұрақты түрде көмек көрсететіндер. Бүгінде елордадағы орталық шаһардағы 24 клиниканы 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Күн сайын жұмыс істейтін мекеме 18 жасқа толған, салмағы 50 келіден кем емес, денсаулығы сыр бермеген кез келген адамнан көмек қабылдайды.

«Бізде уақытша және тұрақты қарама-қайшылықтар, шектеулер бар. Тұрақтыға жүрек қан тамырлары ауруларының алсақ, ол екінші, үшінші сатыдағы гипертензия ауруы, миокардит, эндокардиттер. Ісік ауруларымен адамдарға қан тапсыруға болмайды. Уақытшаға операция жасаса, татуировка жасаса 4 айдан кейін тапсыруға болады. Ал ангинамен ауырса 1 айдан кейін, ОРВИ немесе ковидпен ауырса  екі аптадан кейін донор бола алады», – деді Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі Айгерім Сағамбаева.

Донор болуды сауапты іс деп білетін 29 елордалықтың бүгінде «құрметті донор» деген атағы бар. Дүниежүзілік қан доноры күнінің қарсаңында тағы 5 астаналық осы қатарға қосылмақ. Мұндай беделге 40 рет қан доноциясын немесе 70 рет донор плазмасын тапсырғандар ие болады.

Ел бойынша жылына 250 мың адам қан тапсырады. Олардың 70 пайызы орталықтардың табалдырығын екінші рет аттаса, 10 пайызы – жиі келетіндердің қатарынан. Мамандар тұрақты донор болу ажалға араша тұру дейді. Сондай-ақ қан тапсырғанның денсаулыққа да пайдасы зор.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті

Новости партнеров