Құрылысшылар күні: министр сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Ерсайын Нағаспаев қалалар мен ауылдардың берік іргетасы құрылысшылар еңбегімен қаланатынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Қазақстанда құрылыс саласының мамандары өздерінің кәсіби мерекесін – Құрылысшылар күнін атап өтуде. Бұл күн – қалалар мен ауылдардың келбетін қалыптастырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасайтын жандардың еңбегін бағалайтын күн, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылысшыларды құттықтау сөзінде бұл күннің мән-маңызына тоқтала келе, құрылыс елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі екенін айтты. Сала мамандары тұрғын үйден бастап, ірі инфрақұрылымдық нысандарға дейін салып, ел экономикасына орасан үлес қосып келеді.

«Құрылыс саласы – миллиондаған қазақстандықтардың жайлы және қауіпсіз өмірінің негізі. Сала мамандарының адал еңбегінің арқасында соңғы бес жылда республикада 97,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», – деді министр.

Министрдің айтуынша, тек биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй және 72 300 пәтер салынған. Бұл көрсеткіштер саланың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.

Соңғы алты жылда құрылыс саласына 15,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Ал 2025 жылдың алты айында бұл көлем тағы 1,5 трлн теңгеге толыққан.

«Аталған қаражат тек жаңа үйлердің құрылысына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға да бағытталып отыр», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы құрылысшылардың еңбегіне берілген ерекше құрметтің белгісі.

«Қазақстандағы құрылысшылардың тәжірибесі, кәсібилігі мен адалдығы – бүкіл республикамыздың сенімді тірегі», – деді министр.

Мереке күні министр барлық сала қызметкерлерін құттықтап, оларға зор денсаулық, береке-бірлік және жаңа жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, тамыз айының әр екінші жексенбісінде Қазақстанда Құрылысшы күні аталып өтеді.

Оқи отырыңыз: Бүгін Ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толды

Новости партнеров