Соңғы екі жылда алматылық кинологиялық орталықтың иттері 10-нан астам адамды табуға көмектескен
Соңғы екі жылда алматылық кинологиялық орталықтың иттері 10-нан астам адамды табуға көмектескен. Аталған төрт аяқтылар бұған дейін Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерді іздеуге де елеулі үлес қосқан. Олар тіпті жылына бір рет еліміздің әр өңірінде аттестациядан өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Любовь Ефремова – Республикалық жедел-құтқару жасағы кинологиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы. Ол 10 жылдан астам қызметінде түрлі іздестіру жұмыстарына қатысқан. Кинологтың айтуынша, жоғалған жандарды тірі табамын деген үмітпен ауа-райына қарамастан, таудан да, үйінді астынан да адамдарды іздеуге тура келеді.
"Жұмысым, әрине, өте қызықты. Дегенменбұл істің әйел адамдар үшін оңай емес екені анық. Сөмкені асынып, итпен жүріп ыстық-суыққа қарамай, түрлі қатерге кезігесің. Тауда жүрген қиын. Бірақ өзім үнемі иттермен жұмыс істегенді, сөйлескенді ұнатамын", – деді ТЖМ РЖҚЖ Кинологиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы Любовь Ефремова.
Ал бұл кинологтың сенімді серіктесі Габриэль. Тұқымы – бордер колли. Қызметке 2017 жылы күшік кезінде қосылған. Медеу ауданындағы көшкін кезінде іздеу жұмыстарына қатысып, үйінді астынан адамдарды тапқан.
"Құтқарушы итте адамдарға қарсы агрессия болмауы керек. Жаттықтыру кезінде олардың бойында басқаларға деген сүйіспеншілік пен мейірімділікті тәрбиелеу өте маңызды. Тұқымдарына байланысты кейбір итте мұндай сезімдер туа бітті болса, енді бірін дайындауға тура келеді. Бірақ олардың әрқайсысы өзіне артылған жауапкершілікті жақсы түсінеді", – деді ТЖМ РЖҚЖ Кинологиялық бөлімшесінің маманы Дмитрий Денисов.
Кинологиялық орталықта 9 ит бар. Тұқымдары да әртүрлі.
Айта кету керек, алматылық құтқарушы иттер Түркия мен Ауғанстандағы төтенше жағдайлар кезінде және Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кейінгі іздеу-құтқару жұмыстарына белсенді қатысып, үлес қосқан.
Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Қазақстанда құрылысшылардың жалақысын көтеру ұсынылды