Келес ауданындағы тұрғындар төрт түлікті қорада қамап ұстауға мәжбүр
Түркістан облысын жайлаған қуаңшылық мал шаруашылығына қауіп төндіріп тұр. Келес ауданында көктем мен жазда жауын-шашын болмағандықтан, жайылымдар қурап, шөп шықпай қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Келес ауданындағы тұрғындар төрт түлікті қорада қамап ұстауға мәжбүр. Өйткені жайылымда шөп жоқ, жердің шаңы шығып жатыр. Қыстан әлсіреп шыққан мал арықтап, көтерем бола бастапты.
«Малдың жейтін шөбі қалмады. Азғантай шөпті шегіртке жеді. Одан қалғанын Жетісайдың малы талап кетті. Топырақ жалап жатыр», – деді шаруа Хәкім Қамбаров.
Қуаңшылық салдарынан шығынға ұшыраған мал басы әлі күнге дейін ресми есепке алынбаған. Жергілікті шаруалар шөп бағасының да аспандап кеткенін айтты. Бұрын 400-500 теңге тұратын бір бума шөп бағасы мың теңгеден асқан.
«Малымыз өте арық. Ол малдың не етін жеуге болмайды. Жоқ дегенде әрбір үйден оншақты қой өліп, бәрі тастаған. Не сатуға болмайды. Әлі шілде түскен жоқ қой, ертең шілде түскеннен кейін қалай болады?» – деді шаруа Мірәлі Тасқұлов.
Тұрғындар шөп бағасын тұрақтандырып, қосымша жайылым жер бөлуді сұрайды. Алайда аудан әкімдігі бұл жағдайды «қалыпты құбылыс» деп бағалапты. Жауаптылар өлген малға өтемақы қарастырылмаған деп міз бақпай отыр.
«Өтемақы төтенше жағдай жарияланған кезде ғана төленеді. Алайда бұл төтенше жағдайға жатпайды. Себебі оның шарттары бар. Сол шарттарына жауап беруі керек», – деді Келес ауданы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м. а. Өмірсерік Алтынбаев.
Қуаңшылық салдарынан егін алқаптарының біраз бөлігі күйіп кеткен. Егілген 389,3 мың гектардың 10 пайызы жарамсыз күйге түсіпті. Мәселені жуырда ғана мәжіліс мінберінде көтерген депутаттар Үкіметтен зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды, арнайы өңірлік бағдарлама қабылдауды сұраған. Әзірге ағайынға араша, төрт түлікке тұрақты қолдау табылмай тұр.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Кім кінәлі: Жезқазғандағы ауруханада бүлдіршін көз жұмды