Күдікті інісі ме: Қызылорда облысында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды

09.06.2026 14:16

Қара жамылған отбасының 15 жастағы мектеп оқушысының өз ағасына қастандық жасауы мүмкін емес  деп отыр

Қызылорда облысында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Сорақысы, марқұмның туған інісін қанды қылмысқа күдікті ретінде қамауға алған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ал қара жамылған отбасы 15 жастағы мектеп оқушысының өз ағасына қастандық жасауы мүмкін емес деп отыр. Осыдан 10 күн бұрын марқұм Мейіржан Рүстем үй ауласындағы төсекте түнеген. Таң ата 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалыпты. Кейін оның мәйіті құдықтан табылған. Марқұмның жақындары баланың денесінде көгерген дақтар мен мойнында жіптің іздері болғанын айтып отыр. Ал одан бұрын бұл үйден қомақты қаржы ұрланған.

«Сыртында ала көрпесі бар. Сол көрпеге тұншықтырған, ол бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның денесіне көгерген, дақ бар. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше алысқан ғой 2-3 адаммен. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр», – деді марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева.

«Екі күн бұрын ақша ұрланса да «үйде ақша қай жерде тұрды?» деп те ешкім сұрамайды. Түнде сағат 03:00-де күдікті жүрген деп айтасың, оны іздемейді. Айналып келіп кішкентай балаға жабысып тұр. Не істерімізді білмей қалдық. Баламның қайғысы жайына қалды. Қайғымыз мына бала болып кетті. Бұл балаға бір бәле қылып іліп жібере ме қорқып отырмыз», – деді марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев.

Қанды қылмыстың нақты себебі әзірге белгісіз. Ал облыстық Полиция департаменті «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.

«Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мәнжайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеті қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қолданылуда», – деді Полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.

Оқи отырыңыз: СҚО-да жоғалған ерекше жасөспірім үш сағатта табылды