Екі күдікті қамауға алынды
Жеті аудандағы 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаражат мақсатсыз жұмсалған. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында бюджет қаржысын жымқыру фактісі анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тергеу дерегінше, күдіктілердің арасында «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары мен Күршім аудандық мәслихатының депутаты бар екен. Олар бірнеше компания арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырыпты.
Соның салдарынан 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауылға арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмей қалған.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды. Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасуда», - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Алматы-Қаскелең кептелісі: 4 жолақты жолдар қашан салынады