Кешегі сот отырысында прокурор судьядан айыпталушыны 15 жылға қамауды сұраған
Талдықорғанда кісі қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың ісі бойынша үкім шықты. Сот марқұм келіншектің күйеуін айыпты деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сот қылмыстың мас күйінде жасалғанын және жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып айыпталушы Айбар Жанболатты 14 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріледі.
Айта кетейік, кешегі сот отырысында прокурор судьядан айыпталушыны 15 жылға қамауды сұраған.
«Сотталушы Айбар Жанболаттың кінәсі іс құжаттармен, яғни өзінің тергеу барысында және сот процесінде берген жауаптарымен, іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындыларымен, жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесімен және басқа да іс құжаттармен толықтай дәлелденді», – деді Жетісу облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әділет Бақытов.
Іс әуелі «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен тіркелген. Алайда жәбірленуші тараптың талабынан кейін, аталған факт қайта сараланып, қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі, яғни «Адам өлтіру» фактісі бойынша қаралды. Алайда марқұмның туыстары мен қорғаушылар сотталушыға жеңіл жаза тағайындалғанын айтып, аппеляцияға арыз беретінін жеткізді.
«Өкінішке қарай, сараланған баппен 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ сот 14 жыл ғана беріп отыр, келіспейміз. Біз берген азаматтық талап-арызымыз ішінара қанағаттандырылды. Сол себептен аппеляциялық шағым жазамыз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Арман Шәріпов.
Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр 21 маусымнан 22-сіне қараған түні Ақсу ауданының Баласаз ауылында болған. Отбасылық жанжал кезінде 32 жастағы Айзат Жұманова күйеуінің соққысынан көз жұмған. Бастапқыда марқұмды күйеуі атпен сүйреп өлтірген деп айтылды. Кейін мәйітке эксгумация жасалып, сараптамада бұл болжам расталмады. Ал сотталушы алғашында Айзат терезеден құлап қайтыс болды деген нұсқа айтқан. Бірақ кешегі сот отырысында Айбар Жанболат жұбайын қасақана өлтіру ниеті болмағанын жеткізіп, кінәсін толық мойындады.
Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек
Оқи отырыңыз: Екібастұзда жеке үй өртеніп, бір адам қаза тапты