Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекет қорғауға алды

25.09.2024 в 19:20

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қазақстандағы алғашқы тарихи нысан

Ақжолтай ақпар. Түркістанның символына айналған «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы енді мемлекеттік қорғауда болады. Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қазақстандағы алғашқы тарихи нысан. Дегенмен жеті ғасырлық тарихы бар кешеннің жағдайы биыл көпшілікті алаңдатып қойды. Себебі соңғы 5-6 жылда кесененің қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопси бастаған. Былтыр сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі 3 жылға арналған кешенді бағдарлама қабылдап, оған 317 млн теңге қаржы бөлген.

"Техникалық жағдайы тұрақты деп есептейміз. Сәулет келбеті анық. Дегенмен кейбір қабырға бөлігі ылғалданған. Ең үлкен қазандық бөлмесінің төбесін жауып тұрған күмбез – Орта Азияда диаметрі 18 метр болатын ең үлкен конструктив", – деді  «Қазқайтажаңарту» РМК бас директорының орынбасары Исабек Нұрмағамбетов.    

Кесененің қабырғалары мен күмбезіне ылғал мен ауаның тығыздығын анықтайтын есептегіш құралдар орнатылған. Олар жыл он екі ай қоршаған ортаның мавзолейге әсерін бақылайды. Ал нысанның қауіпсіздігін Ішкі істер органы, яғни жергілікті полиция қызметкерлері қамтамасыз етпек.

"2013 жылға дейін музей-қорықты полиция күзеткен. Кейіннен өзгеріс енгізіліп, нысан жекеменшік күзет қызметіне өтті. Күзет фирмалары әр жылы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы анықталып келді. Ал 2023 жылы музей-қорық ұлттық мәртебеге ие болды", – деді «Әзірет сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек.  

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – бүкіл әлемдік мұра, күллі түркі дәуірінің көрінісі. Оны сақтап қалу үшін бұған дейін де талай рет ғылыми жиын өткен. «Әзірет Сұлтанды» сақтау қалу үшін қабылданған шаралардың бірі – оны қорғауға алу.

Нұркен Әкімхан, Түркістан

Оқи отырыңыз: Алматыда халықаралық тәлімбақтар көрмесі өтіп жатыр