Күн сайын 400 мың көлік кіреді: Президент Алматы агломерациясында қоғамдық көлікті дамытуды жүктеді

Президент ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматыға облыстан күн сайын 400 мыңға жуық темір тұлпар кіріп- шығады. Сондықтан, көлік қатынасын, әсіресе, жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту керек». Жұмыс сапарымен Алматы облысына ат басын бұрған Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, бірнеше маңызды нысанның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Президент ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.    

«Алатау шаһарын салу жобасының тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. «Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады» деп, бұл жобаға зор үміт артып отырғанын жеткізді. Президенттің пікірінше, бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алатау цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналуы тиіс екенін айтты. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды дамыту, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын орындау, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүргізу сынды сауалдарға тоқталды. ¤

«Alatau city тұжырымдамасының мақсаты – бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды іске қосу, жұртты жұмыспен қамту және заманауи инфрақұрылым салу. Қала төрт ауданға бөлінеді. Бой көтеретін ғимараттардың барлығы халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талапқа сәйкес болуы керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Алматы агломерациясын дамыту ісіне де айрықша назар аударды. Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, әсіресе, сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болатынын тілге тиек етті. Осыған орай, Алматы қаласының және облысының әкімдеріне биыл бірінші тамызға дейін «Skytrain» желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырды.  Сондай-ақ Президент Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту шаруасын біржақты ету қажет деді. Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін сөзді Премьер-Министрдің орынбасары мен Алматы облысының әкімі алды. Олар атқарылып жатқан шаруа мен жоспардағы жұмыс жайлы баяндады.

«Кәріс технологияларын тарту бойынша K-Smart City жобасы жүзеге асырылады. Соған сәйкес, 330 гектар аумақтың бас жоспары әзірленеді. Жобаның негізгі мақсаты – озық смарт технологияларды қолданатын, өзін-өзі қамтамасыз ететін аудан құру. 2027 жылы ірі кореялық компанияларды тарта отырып, ауданды дамыту жұмыстары басталады», – деді  ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев

Жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты. Бүгінде 160 адам еңбек ететін кәсіпорынның өнімдері Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі. Шаруашылықтағы барлық үдеріс химиялық өңдеусіз, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай іске асырылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы футбол академиясына тоқтады. Онда 180 балаға арналған жатақхананы аралап көріп, фтуболшылармен тілдесті.

Айта кетейік, еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығып жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Алмат Ілиясов, Алматы Облысы.

 Оқи отырыңыз: П️резидент: Алатау елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналуға тиіс

Новости партнеров