"Күнде өтуге мәжбүрміз": Көкшетаулықтар көпірдің құлағалы тұрғанын айтып шағымданды

10.07.2025 18:56

Қылшақты өзеніндегі апатты өткелдің 90-жылдары салынғаны айтылды  

Көкшетаудағы Қылшақты өзенінің өткелі апатты жағдайда тұр. Тұрғындар діттеген жерге жету үшін өмірімізді қауіпке тігіп, қыл көпірмен өтуге мәжбүрміз деп шағымданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Балабақша маңында орналасқан нысанның бетон тіректері мүжіліп, қозғалып кеткен, ал орта тұсы тіреусіз қалған екен. Соның салдарынан көпір бір жағына қарай қисайып кеткен деп жұрт алаңдаулы. Қалаға шығатын жалғыз жолмен күнделікті ата-аналар балаларымен бірге өтеді екен. Көпшілік тозығы жеткен көпірді жөндеп берсе деп отыр.  

Жергілікті жұрттың қала шетіндегі бұл көпірдің мәселесін айтып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болған. 90-шы жылдары тұрғызылған өткелдің бүгінде әбден тозығы жетіпті. Ал елде болған көктемгі су тасқынынан мұндағы екі тіреуіш опырылып түскен екен. Содан бері көпір бір жағына қарай қисайып кеткен.

«2022 жылы Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл көпірді қайта жөндеуден өткізуге жоба әзірлеген. Алайда қаржы бөлінген жоқ. Қазір сол жобаны қайта қарап, құжатқа нарықтағы жаңа бағаларға сай түзетулер енгізілмек. Сосын бюджеттен қаржы сұрауға өтінім беріледі», - деді Көкшетау қалалық ТҮКШ бөлімінің жетекшісі Ерболат Серікбаев.

Қауіп барын шенділер де мойындайды. Өткелді тіпті уақытша жабуға тырысып, бірнеше рет қоршау қойған екен. Алайда жергіліктілер қауіп бар деген белгіні жұлып тастап, көпірді бұрынғыша пайдалануын жалғастыра берген. Жұрт «өйтпеске амал жоқ» дейді. Себебі бұл қалаға шығатын жалғыз жол көрінеді.

«Біз осы маңайда жұмыс істейміз, серуендейміз. Бұл көпір расымен қауіпті. Тіректері мүжіліп кеткен. Мұнда балалар жиі ойнайды. Қатты алаңдаймыз. Жөндесін, болмаса алып тастасын. Балаларға да айтам: “Мұнда шықпаңдар, құлап қаласыңдар” деп», - деді қала тұрғыны Томирис Сұлтанғазина.

Қала әкімдігі тұрғындар талабына құлақ асып, көпірді уақытша жабуға уәде беріп отыр. Ал өткелді жөндеу келер жылға жоспарланған. “Ол үшін алдымен барлық құжаттар ретке келтіріліп, конкурстық рәсімдерден өту қажет” дейді жергілікті билік.

Әйкерім Пернебек, Карина Негметова, Рамиль Дүсүмов, «Алматы» телеарнасы, Ақмола облысы

Оқи отырыңыз: Видеосы желіде тарап кеткен: туыстар арасындағы жанжал өліммен аяқталды