Миды тынықтыруға көмектесетін қарапайым 8 әдіс

17.08.2026 21:57

Кешкі уақытта немен айналысқан дұрыс?

Depositphotos.com

Күн соңына қарай адамның ағзасымен қатар, жүйке жүйесі де шаршайды. Сондықтан кешкі уақытта босаңсып, демалуға көмектесетін істермен айналысқан дұрыс,  деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Асықпай, қалыпты ырғақта жасалатын күнделікті әрекеттер жағымды сезімдер сыйлап қана қоймай, демалысқа дайындалып, ұйқы сапасын жақсартуға ықпал етеді. Психологтар жұмыстан кейін үй жағдайында ойды тынықтырып, тынығуға көмектесетін бірнеше тәсілді ұсынды.

Созылу жаттығулары немесе баяу йога

Жұмыс күнінен кейін қарқынды жаттығу жасауға күш бола бермейді. Дегенмен бұлшықеттердегі кернеуді басу маңызды. Сондықтан асықпай, жеңіл созылу жаттығуларын немесе йогамен айналысуға болады.

Мысалы, жан-жаққа баяу иілу, омыртқаны созу, иық пен мойын аймағын жеңіл жаттықтыру бұлшықеттерді босаңсытуға көмектеседі.

Медитация

Бұл әдіс бірден нәтиже бермеуі мүмкін, сондықтан оны тұрақты түрде орындау қажет. Жаңадан бастағандарға күніне 5-10 минут жеткілікті. Осы уақыт аралығында бүкіл ағза біртіндеп босаңсиды.

Бет бұлшықеттеріндегі кернеудің азайғанын, эмоционалдық мазасыздықтың басылғанын, ойдың тынышталғанын сезінуге болады.

Медитация кезінде ешкімнің кедергі келтірмегені маңызды. Тыныс алуды бақылаудың өзі дене мен ойды тыныштандыруға көмектеседі.

Аудиокітап немесе подкаст тыңдау

Бұл тәсіл күн соңында көзі қатты шаршайтын адамдарға әсіресе пайдалы. Сүйікті жанрыңыздағы аудиокітапты қосып, диктордың дауысын тыңдап демалуға болады. Осылайша, көзге түсетін салмақ азайып, қызықты оқиғадан ләззат аласыз.

Сүйікті тақырыптағы подкасттарды тыңдау да осындай әсер береді. Өзіңізге жайлы орта қалыптастырып, ыңғайлы жерге жайғасып, көзіңізді жұмып демалыңыз.

Сурет салу

Сурет салу күйзелісті жеңілдетуге көмектеседі. Өзіңізге ұнайтын құралды – қарындаш, бояу, фломастер немесе борды таңдауға болады.

Белгілі бір ережеге бағынудың қажеті жоқ. Қиялыңызға ерік беріп, сурет салу барысынан және түстердің үйлесімінен ләззат алыңыз.

Көркем әдебиет оқу

Кітаптағы ойдан шығарылған әлем күнделікті мәселелерден уақытша алаңдауға мүмкіндік береді. Ұйықтар алдында күн сайын кемінде 15 минут кітап оқуға тырысқан жөн.

Бұл уақытта зорлық-зомбылық пен ауыр оқиғаларға толы шығармалардан гөрі романтикалық хикаялар, шытырман оқиғалар немесе жеңіл әңгімелерді таңдаған дұрыс. Өйткені басты мақсат – демалу және ұйқыға дайындалу.

Массаж

Массажды маманға жасатуға немесе үй жағдайында өзіңіз жасауға болады. Мысалы, бетке, мойын мен иық аймағына жеңіл массаж жасау жеткілікті.

Баяу әрі жұмсақ қимылдар тыныштық сезімін қалыптастырады. Йога секілді массаж да бұлшықеттердегі кернеуді азайтуға көмектеседі. Әсіресе күйзелістен кейін бет пен мойын аймағында қысылу сезімі бар адамдарға пайдалы.

Шашты асықпай, ұзақ тараудың өзі бастың жеңіл массажына ұқсас әсер беріп, жайсыздықты азайтуға көмектеседі.

Үй жағдайындағы SPA процедуралары

Көп адам үшін сұлулыққа күтім жасау – босаңсудың бір тәсілі. Мәселен, макияжды мұқият тазалап, теріге күтім жасайтын құралдар, маска немесе патч қолдануға болады.

Көбікті, тұзды немесе шөп қосылған жылы ванна да демалуға көмектеседі. Мүмкіндік болса, жылы суда 10-15 минут жатып, кейін денеге жеңіл массаж жасауға немесе скраб қолдануға болады.

Ал душ қабылдаған кезде күн бойы жиналған жағымсыз ойлар мен уайымдардың сумен бірге кетіп жатқанын елестетуге болады.

Шөп шайын дайындау

Кешкі уақытта тыныштандыратын шөптерден шай дайындауға болады. Мысалы, түймедақ, лаванда, жалбыз немесе жұпаргүлді пайдалануға болады.

Шайды асықпай дайындап, оның хош иісінен ләззат алған жөн. Сусынның сәл тұнғанын және жылығанын күтіңіз. Жылы сусын ағзаны босаңсытып, ұйқыға дайындалуға көмектеседі.

Дереккөз: inmyroom.ru

Оқи отырыңыз: Қалай нақты мақсат қойып, оған тез жетуге болады

Толық көрсету