Қымызмұрындық-2025: Қарқара жайлауындағы дәстүрлі фестиваль өтті

Дала төсінде тігілген 100-ге жуық киіз үйдің 80-і қонақ күтуге арналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлттық болмыстың түп-тамырына терең бойлап, асыл мұраны ұлықтаған Қарқара жайлауындағы «Қымызмұрындық-2025» пен «Жолан жүйрігі» республикалық бәйгесі биыл да дүркіреп өтті. Көшпенділер дәуірінен сыр шертетін көріністерге куә болу үшін 10 мыңнан астам адам жиналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күбі пісіп, қымыз сапырған 100 ақ жаулықты келіншек, ит жүгіртіп, қыран салған аңшылар, найза ұстаған батырлар. Мұның бәрі кең көсілген Қарқара төрінде ата-баба аманатын жаңғыртып, фестиваль емес, тарихпен тілдескен тірі көрініс болды. Дала төсінде тігілген 100-ге жуық киіз үйдің 80-і қонақ күтуге арналды. Ел ішінен ғана емес, шет елдерден де ағылған көпшілікке 1000 литр қымыз тегін ұсынылған. Өонақтарды сыбағалы сусынды сапыра ұсынған Кеген жұртының қонақжайлығы мен ықыласы тәнті етті.

Киеден кенде қалмаған аумақ – тарих тынысын бүгінге жеткізген қасиетті мекен. Кеген ауданының бір өзінде қазір 37 мыңға жуық жылқы бар. Кеген мен Қарқара өңірі, шын мәнінде, таза қымыздың отаны іспетті. Жаздай сусын дайындап, таратқан халық Қымызмұрындықты ғасырлар бойы тойлап келеді.

Фестивальдің сәні – аспан астындағы театр. Қазақтың тұрмыс-салтынан сыр шертетін көріністер бірінен соң бірі ұсынылып, көпшілік ежелгі дәстүрлердің куәсі болды. Көне мен жаңаның тоғысуына айналған сахна төрінде әйгілі өнер иелері де көрініп, даланы ән мен күйге бөледі.

«Бұл – қазақтың үлкен дәстүрі. Қыстан аман шығып, бүкіл елін-жұртын ынтымаққа ұйыстыратын, бірлікке жұмылдыратын, жігерлендіретін салтанатты жиын. Қарқара – Ұлы жібек жолының алтын көпірі, Еуразияның бойында жатқан тарихи жер. Ұлт руханиятының жаңғыруы осылай жалғасын табу керек деп ойлаймын. Әр облыста міндетті түрде Қымызмұрындық болуы керек», – деді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Беделхан

Жиналған жұртшылық мерекенің ел көлемінде тұрақты түрде өткізілуін қалайтындарын ашық айтты. Себебі салт-дәстүрге кең тыныс берген дүбірлі той – жастарға үлгі, ұлтқа тірек.

«Біздің – кәдімгі төл, негізгі асымыздың бірі. Қымызмұрындық егемендік алғаннан кейін әр жерде тойланып жатыр. Келешекте астын қызыл сиямен сызып, белгіленген 1-2 күнде Қымызмұрындық қазақтың ұлы тойына айналса дұрыс болар еді», – деді Қазақстан және Қырғызстан республикасының халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.

Қарқара жайлауындағы дүбірлі тойдың қызуы – даланы дүңкілдеткен бәйге алаңында ерекше сезілді. «Жолан жүйрігі» республикалық бәйгесіне еліміздің әр аймағынан және Қырғыз республикасынан келген 150-ге жуық тұлпар қатысып, үш кезең бойынша сынға түскен. Жүлде қоры да аз болмады — миллиондаған теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен қатар, екі бірдей автокөлік жеңімпаздарға табысталды. Аламан бәйгенің бас жүлдесін Қордайдан келген Айбалта есімді сәйгүлік қанжығасына байласа, топ бәйгеде талғарлық атбегі Мағауия Қазбековтің «Қалқаман» атты тұлпары дара шапты. Әсіресе, көрші Қырғыз елінен келген шабандоздардың алғашқы орындарды иеленуі халықаралық деңгейдегі бәйгенің мәртебесін арттыра түскен.

«Жылдан-жылға ауданымызда табиғаты өте сұлу, әсем, көркем. Осындай табиғатта туризмді дамыту тек Көлсай, қайыңды емес, Мыңжылқыда, Шарқұдықта және Қарқананың төрінде де насихаттап жатырмыз. Жаңа келіп жатқан инвесторлар ұсыныс айтып жатыр, оның барлығын қабыл алып, келесі жылы үлкен деңгейде өткізу жоспарда бар», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Қымызмұрындық — ұлттық спорт пен руханият түйіскен тарихы терең той. Аттың жалында, қымыздың дәмінде, күйдің үнінде — тұтас қазақтың қайсар рухы мен көнеден жеткен кемел дүниетанымы көрініс тапты. Ендігі тілек Қарқара төсінде дүбірі басылмайтын осы рухани керуеннің жыл сайын жалғасуы. Айтпақшы, аудан билігінің де айтары осы. Фестиваль ауқымын кеңейтуді мақсат еткен олар дәстүрлі іс-шараның әлі де жалғаса беретінін айтты.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облыcы

Оқи отырыңыз: Талғарда жас футболшыларды дайындайтын мектеп бой көтереді

Новости партнеров