Оқу-жаттығу жиынына 260 қызметкер, 70-тен аса техника жұмылдырылды
Еліміздің әр аймағында «Қыс-2024» деп аталатын оқу-жаттығу жиыны өткізіліп жатыр. Республикалық іс-шара Алматы қаласында да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінгі алай-түлей ызғарлы боран, үскірік желге қарамастан Алматының құтқару қызметі Шымбұлақ тау-шаңғы курортына жиналды. Олар шартты түрде қар көшкінінің салдарымен күрестің қалай жүретінін көрсетті. Тіпті ақ ұлпаның астында қалған екі адамды құтқарып, алғашқы медициналық көмек те көрсетіп үлгерді. Олар 3 түрлі әдіспен іздестіру шарасын жүргізіп жатыр.
Жоспарға сай, қар астында қалғандар «Биппер» датчигі және тінтуір құрылғылардың, сондай-ақ иісшіл иттердің көмегімен анықталды.
"Қар көшкінінде шаңғышылар немесе сноуборд тебетін адамдардың қалып қояды. Кинологтар мен құтқарушылар ұйымдастырылған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Олар жақсы дайындығын көрсетті", – деді ҚР ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Серғазы Әбдіқадір.
Құтқарушылар бағдарламаға сай Шымбұлақтағы аспалы жолдағы кабиналарда қалып қойған туристерді эвакуациялауда біліктілігін шыңдады. Олар 12 метр биіктіктен адамдарды аман-есен түсіріп, медициналық орталыққа біртіндеп жеткізіп жатты. Сала қызметкерлері бас-аяғы 30 минуттың ішінде берілген тапсырманы орындап шықты.
"Практикалық оқу-жаттығу жиынының екі нүктесі Шымбұлақта, үшіншісі Жетісу ауданында орналасқан. Жылу қазандығы жарылған жағдайда, құтқарушылар қалай әрекет етуі қажет екенін көрсеттік. Оған да барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Атап өтерлігі, іс-шарада арнайы өрт сөндіру көлігі де қолданылды. Техника үйлерге уақытша жылу беру мүмкіндігіне ие", – деді ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.
"Қыс-2024" атауымен өткізілген оқу-жаттығу жиынына 260 қызметкер, 70-тен аса техника жұмылдырылды.
Еске салайық, іс-шара шаһардың барлық ауданында жалғасын тапты.
Рүстем Айткәрім, Алишер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Адам саудасы: биыл 197 қылмыстық іс тіркелді