Қытайдағы Қазақстан туризм жылының жабылуы: Димаштың жаңа бейнебаяны көрсетілді

27.11.2024 15:01

Көрермендер көрнекті туристік орындарға визуалды саяхат жасай алады

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жабылуына арналған форумға қатысушылар «Kazakh Tourism ҰК» АҚ мен отандық танымал әнші арасындағы бірлескен жобаның жұмысына алғаш куә болды. Туған ел туралы патриоттық композиция Қазақстанның бай табиғаты мен мәдениетін кең аудиторияға паш етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

"Киелі мекенім" жаңа бейнебаяны Қазақстанның көрікті жерлеріне назар аударады. Көрермендер көрнекті туристік орындарға визуалды саяхат жасай алады. Оның ішінде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Ақмешіт үңгірі, Әзірет-Сұлтан мұражай-қорығы, Бозжыра шатқалы, Торыш алқабы тәрізді бірегей орындар бар. Видеода Бурабай, Катонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар-Алатау ұлттық парктерінің кадрлары да ұсынылған.

"Біз Димашқа елімізді шетелде дәріптеуге қосып жүрген баға жетпес үлесі үшін алғыс білдіреміз. Ол туризмнің алғашқы елшісі болып, әрбір қолайлы жағдайда шетелдік аудиторияны Қазақстанға келуге шақырады. Миллиондаған тыңдаушылар Димаштың шығармашылығы арқылы біздің елмен кеңінен танысады. Жаңа бейнебаян - Қазақстанның әдемі табиғаты мен бай мәдениетінің алуан түрлілігін көрсетуге деген ортақ ұмтылысымыздың нәтижесі. Біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі Димаштың жанкүйерлері бірегей локациялардан шабыт алып, елімізді өздері үшін ашатынына сенімдіміз", - деп атап өтті "Kazakh Tourism ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов.

Жаңа "Киелі мекенім" бейнебаяны Димаштың ресми арналары мен аккаунттарында қолжетімді болады.

Оқи отырыңыз: Алматыда туризм саласындағы жобаларды қолдау үшін жобалық кеңсе ашылды