Балаларды қорғау күні: Алматыда "Кибер Тұмар" акциясы аясында қандай іс-шаралар өтті

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Балалар әлемі — цифрлық қауіпсіздік пен білімнің тоғысы   

Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық кампаниясы аясында Алматы қаласының білім беру ұйымдарында жас ұрпақтың дамуына бағытталған танымдық, шығармашылық және кәсіби бағдарлау іс-шаралары жалғасуда. Бұл бастамалардың басты мақсаты – балаларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, сонымен қатар олардың цифрлық және құқықтық сауаттылығын арттыру, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2025 жылғы 28 мамырда Алматы қаласында өткен іс-шаралар «Кибер Тұмар» ұранымен ұйымдастырылды. Бұл күн цифрлық қауіпсіздікке, интернеттегі тәртіп мәдениетіне және болашақтың мамандықтарымен таныстыруға арналды.

«Кибер Тұмар» тұжырымдамасы – баланы цифрлық кеңістікте қорғаудың символдық көрінісі. Бұрынғы дәстүрлі тұмар қандай қорған болған болса, бүгінгі күні цифрлық сауаттылық та дәл сондай қорғаныш құралы болып отыр.                            

Іс-шараларға 15 340 мектеп оқушысы, 25 544 студент, 173 ата-ана, 242 педагог қатысты.        

"Күннің алғашқы маңызды шарасы ретінде Медеу аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) №163 мектеп-лицейінің оқушылары кәсіби бағдарлау мақсатында барды. Оқушылар мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматта қалай көрсетілетінін көріп, қызметкерлермен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Экскурсия барысында балалар цифрландырудың маңыздылығы және осы салада сұранысқа ие мамандықтар туралы құнды ақпарат алды", - делінген хабарламада.

Келесі кезеңде «Цифрлық мамандықтар қаласы» атты танымдық эстафета өткізілді. Іс-шара Алматы политехникалық колледжі базасында ұйымдастырылды. Эстафетаға 10–13 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты. Танымдық ойын түрінде өткен эстафета оқушылардың цифрлық сауаттылығын, сыни ойлау қабілетін, топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталды. Сонымен қатар, фишинг, зиянды сілтемелер, цифрлық гигиена және ІТ мен киберқауіпсіздік салаларындағы мамандықтар туралы кеңінен айтылды. Балалар ойын арқылы жаңа білім алып, цифрлық әлемдегі болашағын елестетуге мүмкіндік алды.

Күннің қорытынды шарасы ретінде «Интернеттегі балалар» атты бейнечеллендж өтті. Аталған челлендж 20–28 мамыр аралығында Алматы қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылды. Іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ЮНИСЕФ және Еуропалық Одақтың қолдауымен іске асырылып жатқан «Кибер Тұмар» ақпараттық-ағартушылық жобасы аясында өткізілді. Челленджге қатысушылар TikTok және Instagram желілерінде #безопасностьвсети #детивинтернете #кибербезопасность хэштегтерімен 2 минутқа дейінгі бейнежазбалар жариялады. Роликтерде интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллинг, фишинг және жеке деректердің қорғалуына қатысты мәселелер қозғалды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталып, белсенді қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

«Кибер Тұмар» аясында ұйымдастырылған бұл іс-шаралар «Қазақстан балалары» республикалық кампаниясының маңызды бөлігіне айналып, балалардың цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, оларды ақпараттық кеңістікте қорғай білуге және саналы, білімді ұрпақты тәрбиелеуге бағытталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда бір жыл бойы жол ережесін бұзбаған жүргізушілер анықталды

Новости партнеров