Балаларының ең кішкентайы әлі бір жасқа да толмаған
Ақтөбе облысында қыз бала мен ер адам қаза болған құдықтың тереңдігі шамамен 10 метр болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 17 маусымда Байғанин ауданына қарасты Жарлы ауылында 9 жасар қыз бала 10 метрлік құдыққа құлап кеткен. 38 жастағы көршісі, спортшы әрі бапкер Нұрбол Бердіғалиев қыз баланы құтқаруға ұмтылған. Өкінішке қарай, қыз бала да, оны құтқармақ болған ер адам да қайта шыға алмай, көз жұмған.
– Бұл ескі құдық екі үйге ортақ болған. Жабық тұрған. Балалар тығылыспақ ойнап жүрген кезде 9 жасар қыз құдыққа құлап кеткен. Құдықтың тереңдігі шамамен 10 метр, ішінде қоқыс болған. Алдын ала болжам бойынша, олар иіс газынан уланған, – деп хабарлады Байғанин ауданы әкімдігінің өкілдері.
Қайтыс болған бапкердің артында алты баласы қалды. Ең кішкентайы әлі бір жасқа да толмаған.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, полиция барлық мән-жайды анықтап жатыр.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, Нұрбол Бердіғалиев Жарлы ауылына 2017 жылдың қыркүйек айында көшіп келген. Байғанин аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен бапкер болып жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде ол республикалық және облыстық жарыстардың 40-қа жуық жүлдегері мен жеңімпазын тәрбиелеген. Сондай-ақ оның 20 шәкірті Қазақстан Республикасының “Спорт шеберлігіне кандидат” нормативін орындаған.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында 9 жасар қыз бен ер адам құдыққа түсіп, қаза болды