Қызметкерлер қылмысы: психикалық орталықта зорланған екі қыздың ісіне қатысты үкім шықты

10.06.2025 20:17

Айыпталушы тарап үкіммен мүлдем келіспеді

Шымкенттегі психикалық денсаулық орталығында зорланған екі қыздың ісіне қатысты бүгін үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Аталған сот процесі жабық өтті. Ал журналистерге айыпталушылар мен жәбірленушілерді түсіруге тыйым салынды. Істі қараған судьяның шешімімен, психикалық диспансердің екі қызметкерінің қылмысы расталды. Жас қыздарды зорлады деп танылған олар 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін. Талапкерлердің пайдасына әрқайсысынан 5 млн теңгеден моральдық зиян, ортақ тәртіппен пайдасына 600 мың теңге материалдық зиян өндірілсін», – деді сот төрағасы Самидин Темірәлиев.

Айта кету керек, жәбір көрген қыздардың бірі – кәмелетке толмаған. Дәрігерлер оған «шизофрения» диагнозын қойған. Ең сорақысы, бойжеткен психикалық денсаулық орталығында ем алып жүрген кезінде жүкті болып қалған. Ал екінші қыз депрессияға шалдыққан. Бұған дейін дәл осы 22 жастағы бойжеткен мекемеде сексуалдық зорлық көргенін алғаш болып ашық мәлімдеген.

«Дәрі ішкеннен кейін әлсірейсің. Шамаң келмейді. Түрме сияқты жерде қашып кетуге мүмкіндік жоқ. Емделуге барған кезде осындай жағдай болады деп ойлаған жоқпын. Ол бұрыннан келе жатқан дәстүрге айналған сияқты.  Оларға 15 жыл аз деп ойлаймын», – деді жәбірленуші.

Ал айыпталушы тарап үкіммен мүлдем келіспеді. Сотталушылар, тіпті кінәсін мойындамаған. Ал олардың ата-аналары сараптама қорытындысының ақиқатқа сай емес екенін айтып отыр. Наразы тарап аппеляциялық сотқа шағым түсірмек.

«Түсікті 10 күннен кейін барып алған. Енді оны жарамсыз дейді. Ертеңіне барып алмай ма? Бәрі анық болар еді? Бұл – жалған жала. Жаланың арқасында 2 бала бас бостандығынан айырылып отыр», – деді айыпталушының әкесі Тағайбек Даржанов.

Айыпталушы тараптың сөзін жәбірленушілер жоққа шығарды. Қорғаушылар «жабық мекемеде қыздардың сыртқа шығып, теріс қылық жасауы мүмкін емес» дейді. Ал бұл сөзді куәгерлер де растаған.

«Жабық мекеме болғандықтан, ол ешқайда шыға алмайды. Біріншіден. Екіншіден, жүкті болып қалған қыздың жүктілік мерзімі дәл сол уақытта ауруханада емделген. Ешқайда шықпаған. Ол дәлелденді», – деді жәбірленушінің қорғаушысы Жамал Бакирова.  

Айта кетейік, қылмыс қайталанбау үшін судья жауапты органдарға да жеке қаулы шығарды. Енді 1 айдың ішінде Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен Шымкент қалалық Полиция департаменті аталған бағытта нақты жұмыс атқаруы тиіс. 

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Түркістан облысының тұрғындары ауыз суға зәру