Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме суды талапқа сай бердік дегеннен танбай отыр
Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданының халқы ауыз суға зар болып отыр. Бес елдімекенді тіршілік нәрімен қамту үшін мемлекеттен қомақты қаржы бөлінген. Алайда қазылған ұңғымадан су шықпаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алғабастық тұрғындар 6 жыл бұрын ауылдан жаңа ұңғыма қазыла бастаған кезде қатты қуанған. Тіпті сол кезде құбырлар тартылып, пайдалануға да берілген. Алайда одан шыққан су ішуге мүлде жарамсыз болып, кейін тартылып кетіпті.
«Мен төменгі жақта тұрамын. Үйге бір тамшы су барған жоқ. Бір рет cап-сары су ақты. Одан кейін су көрген жоқпын», – деді Алғабас ауылының тұрғыны Жарқынбай Қадырбеков.
Кенезесі кепкен елдің мәселесін жауаптылар да жақсы біледі. Олардың айтуынша, кезінде ұңғыманы қазып, су тартқан мердігер мекеме оны қайта жөндеуден бас тартқан. Себебі бес жылдық кепіл мерзімі өтіп кетіпті.
«Кезінде мердігерді сотқа да берген, ескерту де жасаған. Олар барлық қажетті құжаттарға ие. Нақты жауап бере алмаймын», – деді Бәйдібек аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жандос Әзизханов.
Ал құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме суды талапқа сай бердік дегеннен танбай отыр. Сол кезде құжатқа тұрғындардың өздері қол қойған көрінеді.
«Су ішпедік деген өтірік болады, су іштік. Техникалық бақылау қабылдап алды, сондай-ақ авторлық бақылау да жүргізілді. ЖКХ-ның өкілдері қабылдап алды. Одан кейін бір-екі шағым түсті. Оларды сол кезде барып, реттеп кеткенбіз», – деді мердігер мекеменің учаске бастығы Асылбек Асанов.
Аталған мәселені біржақты ету үшін ауданды сумен қамтитын мекеме ұңғыманы бюджет есебінен қайта жөндемек.
Айта кетейік, Алғабастан бөлек, ауданда тіршілік нәріне тағы екі ауыл зәру болып отыр. Ағыбет елдімекенінде ауыз су құбыры тесілсе, Жұлдызда су қоры анықталмаған.
Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда дәрі-дәрмек қалдықтарын қабылдау пунктері ашылды