Биыл елімізде төтенше жағдай кезінде иттердің көмегімен 18 адам құтқарылған
Иттер емтихан тапсырып жатыр. Қызылорда облысында кинолог-төртаяқтылар берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кинологтардың сынақ-емтиханына республиканың түкпір-түкпірінен 29 кинолог-маман мен қызметтік ит келген. Иіс сезгіш төртаяқтының көбі – неміс овчаркасы. Олар өте белсенді әрі үйретуге оңай. Бастысы қызмет барысында қоршаған ортаға қауіпсіз. Күшік кезінен ойнатып, көңіл бөлсе, айтқаныңды бұлжытпай орындауға дайын.
2023 жылы көршілес Түркия елінде орын алған жер сілкінісі салдарынан қаншама адам қираған үйінділерде қалып қойды. Осы тұста көмек қолын созып елімізден аттанған құтқарушылардың, оның ішінде кинологиялық қызметтік иттердің нәтижелі жұмыс атқарды. Әр құтқарылған адам – еңбегіміздің жемісі. Олай болса барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін", – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев.
Сайыстың алғашқы кезеңінде қызметтік иттің ептілігі мен тілалғыштығы сыналды. Кинологтар серігімен бірге кедергілерден өтіп, қызмет барысында қолданатын айла-тәсілдерін көрсетті. Мұнда немістің овчаркасынан бөлек, белгиялық гриффон, канадалық лабрадор-ретривер, испаниялық спаниель мен жапондық сангвиник тұқымдас иттерді кездестіруге болады.
Сайыс жолына алғашқылардың бірі болып шыққан республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Дамир Гизатулин. Оның серігі Лига үздік нәтиже көрсетті. Иесінің сөзінше, алты жастағы неміс овчаркасының құтқару ісінде көп көмегі тиген. Бір ғана мысал, аталған ит Түркиядағы жер сілкінісі кезінде үйіндінің астында қалған 3 адамның денесін тапқан.
"Серігім әрі досым Лиганың жедел-құтқару жасағында қызмет етіп келе жатқанына 5 жылға жуықтапты. Бұл итке өзіңе қарағандай қарау керек. Тамағын, суын уақытылы беріп отыру қажет. Медициналық тексерістерден де өтіп тұруы маңызды. Ал қазір алғашқы сынақтан мені жерге қаратпай, жақсы нәтиже көрсетті. Ризамын", – деді республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Дамир Гизатулин.
Ал Арлан атты ит емтихан тапсыру кезінде ақылдылығымен көзге түсті. Бұл төрт аяқты құтқарушы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының маманы Базарбай Хамитовтың қарауында. Арлан көбіне таулы аймақтағы құтқару жұмысына қатысады.
"Біз үшін іздеу қабілеті маңызды. Өзіміз қарап, үйретеміз. Ең басты техногенді қабілеті – адам іздеу", – деді Алматы облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Базарбай Хамитов.
Сайысқа қатысушылар техногенді және табиғи апаттар жағдайындағы іздестіру сынағынан өтпек. Емтихан қорытындысында шеберлігімен көзге түскендер Төтенше жағдайлар министрлігі жедел құтқару жасағының кинологиялық есебіне алынып, сертификат табысталады.
Айта кетейік, биыл елімізде төтенше жағдай кезінде иттердің көмегімен 18 адам құтқарылған.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Бұралқы иттер талаған 5 жастағы қыз жансақтау бөлімінен шықты