Үш жылда үш тіреуіші ғана тұрғызылған өткелдің құрылыс біржола тоқтаған
Қызылорда облысында Сырдария өзенінен өтетін өткелдің жыры бітер емес. Осыдан үш жыл бұрын басталған құрылыс қазір оннан аса ауылдың үзілген үмітіндей болып тұр. Қалқымалы көпірмен амалдап жүрген ағайын аяқсыз қалған жұмыстың біржақты болуын талап етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сең сіресіп, суы тасыса, дариядағы қалқымалы көпір алынады. Ал бұл арғы беттегі 15 мыңға жуық халықтың аудан орталығына қатынауына қиындық туғызады. Көпшілік «Азық-түліктен тапшылық көріп, тіпті ауруханаға жете алмай қалған жағдайлар кездесетін» дейді.
«Халық осы мәселеден қиындық көріп келе жатыр. Су көбейсе болды, мына қалқымалы көпір суға батып кетеді. Сол көпірді салады дегенге қатты қуанып едік. Қазір екі жылға таяп бара жатыр, қозғалмайды. Көпір болса, тіпті той жасар едік», - деді Қожабақы ауылының тұрғыны Жиеней Тапбетов.
Жоба бойынша көпірдің құрылысы биыл аяқталуы тиіс еді. Алайда үш жылда өткелдің үш тіреуіші ғана тұрғызылыпты. Қазір құрылыс біржола тоқтаған. Осылайша, 4 миллиард теңгенің жобасы аяқсыз қалып, игерілмеген қаржы мемлекетке қайтарылыпты. Ал жауапсыздық танытқан мердігермен келісім тоқтап, іс сотта қаралған.
«Биылғы жобаға бөлінген қаржыны мақсатты игеруге байланысты біз ол мекемеге 2 мәрте қосымша келісімшарт жолдаған болатынбыз. Белгісіз себептерге байланысты қол қоюдан бас тартты. Биылғы 10 қазанда мекемемен келісімшартты біржақты бұзу бойынша сот шешімі шықты», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Салаға жауапты басқарма «Қарлаң» жобасына жыл соңында екінші мәрте конкурс жарияламақ. Ал ауылдағы ағайынға әлі де амалдай тұруға тура келеді.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Almaty TV, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда автокөлік өндірісінің азаюы экономикаға қалай әсер етпек – сараптама