Жеңіл ақша, ауыр зардап: «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы

14.07.2026 11:26

Құмар ойынға тәуелділік адам өмірін қалай күйретеді

Almaty.tv

«Almaty TV» телеарнасы бүгінгі қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – құмар ойынға тәуелділікке (лудоманияға) арналған «Әділдік алаңы» бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады. Бағдарлама авторлары жеңіл жолмен ақша табуға деген ұмтылыстың қалай ауыр тәуелділікке айналып, отбасыны, мансапты және адамның болашағын күйрететінін жан-жақты зерттейді.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің бағалауынша, елімізде құмар ойынға тәуелді 350 мыңнан астам адам бар. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша «құмар ойынға патологиялық тәуелділік» диагнозымен ресми есепте небәрі тоғыз адам ғана тұрған. Ресми статистика мен сарапшылар бағасының арасындағы мұндай алшақтық мәселенің жасырын ауқымын көрсетеді.

Жаңа шығарылымда сарапшылар, психологтер, оңалту орталықтарының мамандары және ойынқұмарлықтан ем қабылдап жүрген азаматтар лудоманияның қалай қалыптасатынын, оның психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қандай ауыр салдарға әкелетінін, сондай-ақ тәуелділіктен арылудың қандай жолдары бар екенін баяндайды.

Бағдарлама кейіпкерлерінің бірі алғашында ата-анасының телефоны арқылы олардың ақшасын жасырын аударып отырғанын, кейін тіпті ата-анасының неке жүзіктерін ломбардқа өткізгенін мойындайды.

«Мен бәс тігу арқылы өмір сүріп, тез ақша табамын деп ойладым. Кейін тоқтай алмай қалдым. Тоқтау керек екенін түсіндім, бірақ тәуелділік менен күшті болды», – дейді жас жігіт.

Оңалту орталығының жетекшісі Қуат Тұрымбетов лудоманияның ерік-жігердің әлсіздігі емес, кәсіби емдеуді қажет ететін күрделі психологиялық дерт екенін атап өтті.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, лудоманияның қауіптілігі кейбір ауыр созылмалы аурулармен пара-пар. Бұл – ерік-жігердің әлсіздігі емес, кәсіби емдеуді қажет ететін психологиялық тәуелділік», – дейді маман.

Психолог Әдемігүл Батырханова тәуелділіктен айығудағы басты кедергі – адамның өз мәселесін мойындамауы екенін айтады.

«Көпшілік өзінің тәуелді екенін мойындамайды. Ал ем адам өз мәселесін қабылдап, оны шешуге дайын болған кезде ғана нәтиже береді», – дейді психолог.

Бағдарламада ойынқұмарлықтың отбасыға тигізетін зардаптары мен оның қылмысқа итермелейтін себептеріне де ерекше назар аударылған. Сарапшылардың айтуынша, жаңа бәс тігу үшін ақша іздеген тәуелді адамдар онлайн несие рәсімдеп, мүлкін кепілге қойып, жақындарынан қарыз алып немесе алаяқтық пен ұрлыққа дейін барады.

Көмек алу мүмкіндіктері туралы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының қызметкері Гүлайым Рябоконь айтып береді. Оның сөзінше, Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейтін 20 психикалық денсаулық орталығында құмар ойынға тәуелділікті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында емдеуге болады.

«Сонымен қатар анонимді түрде жүгіну мүмкіндігі қарастырылған. Көптеген адамдар өз мәселесінің жұмыс орнында немесе қоғамда белгілі болып қалуынан қорқады. Сондықтан құпиялылықтың маңызы өте зор», – дейді маман.

Бағдарлама авторлары құмар ойынға тәуелділікпен күрестегі халықаралық тәжірибені де саралап, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан 2024–2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың орындалуына талдау жасайды.

«Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы лудоманияға жай ғана зиянды әдет емес, дер кезінде емдеуді, жақындардың қолдауын және бүкіл қоғамның назарын қажет ететін күрделі ауру ретінде қарауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Әдемі өмірдің құны: «Әділдік алаңының» жаңа шығарылымы