Әлеуметтік осал топтарға берілетін пәтерлерді заңсыз алмақ болған қылмыстық топ ұсталды
Заңсыз әрекет нәтижесінде жалпы құны 4,4 миллиард теңгеден асатын 170 жылжымайтын мүлік нысанын иемдену жоспарланған
Халықтың әлеуметтік осал топтарына берілуі тиіс пәтерлерді заңсыз иемденбек болған. Қылмыстық топ жалған үлескерлердің атынан құжат рәсімдеп, жылжымайтын мүлікті өз атына аударуды көздеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заңсыз әрекет нәтижесінде жалпы құны 4,4 миллиард теңгеден асатын 170 жылжымайтын мүлік нысанын иемдену жоспарланыпты. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманы «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы басшысы ұйымдастырған. Ол он жыл бұрын да 1500 үлескердің 10 миллиард теңгесін жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталған. Қылмыстық топ сот шешімдері арқылы пәтерлерді өз атына рәсімдеп, кейін сатып, түскен қаражатты бөлісуді жоспарлаған. Сондай-ақ тергеу барысында схемаға 80-нен астам жалған үлескердің тартылғаны анықталыпты.
"Сонымен қатар бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы бары анықталды. Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталды. Іс бойынша 19 адам күдікті деп танылып, олардың тоғызы қамауға алынды. Күдіктілердің жалпы құны 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық процеске қатысушы тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті", - деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік көмек пен еңбек қауіпсіздігі цифрлық бақылауға алынады