Әлеуметтік саясат, еңбек нарығы және медицина жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі - Аида Балаева жаңа Конституция туралы

18.03.2026 11:16

Ол азаматтардың тегін медициналық көмекке құқықтары қосымша институционалдық тұрғыдан нығайтылатынын айтты

 

Аlmaty.tv

Конституциялық реформаны жүзеге асыру шеңберінде елде әлеуметтік мемлекеттің жаңа моделі енгізілуде, онда кепілдіктер жүйесі ғана емес, азаматтардың білімі мен дағдыларын дамытуға басымдық беріледі. Үкімет отырысында Әлеуметтік және Еңбек кодекстеріне жоспарланған өзгерістер туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа Конституция әр азаматтың еңбек ету құқығын бекітіп, оны жүзеге асыру үшін мемлекет тиісті жағдай жасауға міндетті екенін айқындайды. Цифрлық экономиканың қарқынды дамуын ескере отырып, еңбек заңнамасы жұмыспен қамтудың жаңа нысандарына, соның ішінде қашықтан және платформалық жұмыспен қамту формаларына бейімделетін болады. 

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оларды оңалту тетіктерін дамыту және қоғамдық әрі еңбек өміріне толыққанды интеграциялау бағытындағы жұмыстар жалғасады.

«Бұған дейін негізгі назар көбіне әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне аударылып келсе, жаңа Конституция әлдеқайда кең тәсілді бекітеді. Атап айтқанда, азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі факторлары ретінде адами капиталды дамытуға, білім беруге, ғылым мен инновацияларға басымдық беріледі. Сонымен бірге біз әлеуметтік саясатты жаңа стратегиялық мазмұнмен толықтыру үшін жұмыспен қамтуды дамытуға, сапалы жұмыс орындарын ашуға, азаматтардың кәсіби білім алу мен біліктілігін арттыру мүмкіндіктерін арттыруға назар аударамыз», — деді вице-премьер.

Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы сондай-ақ кепілдік берілген медициналық көмек көлемінің қысқаруына әкеп соқпайды, керісінше – оны қаржыландыру көздері кеңейтілетін болады.

Жаңа нормаларға сәйкес, тегін медициналық көмекті қаржыландыруға бюджеттен бөлек халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардың қаражаты тартылатын болады.

МӘМС сақтандыру пакеті жоғары технологиялық қызметтерге қол жеткізудің негізгі құралы болады. Бұл ретте әрбір азаматтың денсаулық сақтау мен биологиялық қауіпсіздікке кепілдік берілген құқығы өзгеріссіз қалады.

«Мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің көлемі сақталады. Ең бастысы, азаматтардың құқықтары сақталып қана қоймай, қосымша институционалдық тұрғыдан нығайтылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің рөлі арта түспек. Кезең-кезеңімен енгізілетін бірыңғай базалық медициналық пакет арқылы азаматтар жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтердің басым бөлігіне осы сақтандыру есебінен қол жеткізе алады», — деп атап өтті Аида Балаева.

Оқи отырыңыз: Саяси ауқымды өзгерістер ел тұрақтылығын күшейтеді – Олжас Бектенов жаңа Конституция туралы