Әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін – Тоқаев

03.10.2024 14:21

Президент жас ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы нағыз дертке айналғанын айтты

elements.envato.com

Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы екенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді.

«Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет», - деді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы жалпы елімізде ата-аналардың жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастаманы қолға алу қажет деді.

«Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдауды тапсырамын. Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек», - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады: Президент АЭС-тің маңызы туралы