Әлі дайын емес: Ақтау билігі жылу қашан берілетінін айтты

Құбырларды жөндеу жұмыстарына 17 млрд теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жылу маусымы жақындаған тұста тұтас Ақтаудың желілері дайын болмай шықты. 50 жылдан бері тоз-тозы шыққан құбырлардың жалпы 11,4 шақырымын жаңарту қажет екен. Бірақ бұл жұмыс жоспарға сәйкес, қыркүйектің соңына дейін атқарылуы тиіс еді. Ал 5 күннен соң Маңғыстауда жылу маусымы басталуы керек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.     

Бұл жұмыстар осыдан бірнеше ай бұрын басталды. Жоспарға сәйкес, басты көшелердегі жолдың жиегі қазылып, жылу жүретін құбырлар жаңартылып жатыр. Біраз жұмыс атқарылған. Жылу желісінің жаңаланғаны көрініп-ақ тұр, бірақ барлық жерде емес. Әлі де бітпеген іс көп. Сол үшін де қала тұрғындарының ойы екіұшты.

«Олар қолдарынан келгенін жасап жатыр. Билік басындағылар да осы жердің азаматтары, осы қалада тұрады. Оларға да жылу керек. Құбырды төсеп жатыр, уақытында болмағанымен сәл кешігіп жылуды береді деген ойдамын», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Вадим Дюжин.

«Үлгермейтіні көрініп тұр ғой. Жылу маусымының басталатын уақыты да таяп қалды. Құбырды тексеру, гидравликалық жұмысы жасалған жоқ. Сондықтан үлгермеуі мүмкін», - деді Ақтау қаласының тұрғыны Наталья Кирилюк.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 17 млрд теңге бөлінген. Құрылыс-монтаждауға 180 жұмысшы мен 80 арнайы техника да тартылыпты. Ал мамандар «құбырлардың 80 пайызының тозығы жеткен» деп отыр. Ал бар жұмыстың мерзімге сай атқарылып-атқарылмауына қатысты жергілікті билік былай деді.

«Жалпы біздің жоспарымызға сәйкес 12 қазанға қарай құбырлар су жүргізіп сынақ өткізуге, жылу беруге толықтай дайын болады. Магистральді жылу құбырын ауыстыру 5 кезеңге бөлінген. Соның 4 кезеңі бойынша жұмыстар толықтай аяқталып, тек 1 учаске қалып тұр. Шамамен 12 қазанда аяқталса, 13-14-і күндері сумен толтырып, ары қарай гидравликалық сынақ жүргізетін боламыз. Оны жүргізу мерзімі – 5 күн. Аяқталғаннан кейін құбыр жылуға дайын болады. Содан кейін жылу бере бастайтын боламыз», - деді Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.

Қазан айының 14-інен ары қарай 5 күн сынақ мерзімі өткеннен кейін істелген жұмыстың да нәтижесі белгілі болады. Бердібек Қартбаев «құбырларда ақау болмаса, 20 қазанда ақтаулықтарға арнайы кесте бойынша жылу беріледі» деді. Ал егер қандай да бір апат болатын болса, тұрғындарға күте тұрудан басқа амал жоқ сыңайлы.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Аlmaty TV арнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Қызылордалық оқушылар күріш ұнынан тәтті өнімдер мен эко-ыдыстар жасап шығарды

Новости партнеров