Лицензиясы тоқтатылса да жабылмаған: Қостанай облысындағы лагерь иесіне айыппұл салынды

21.07.2026 19:59

Асхана тыйым салынған азық-түліктер пайдаланылған

Лицензиясыз жұмыс істегені үшін тағы да айыппұл. Бұған дейін Қостанай облысындағы балалар лагерінің бірі антисанитариялық жағдай мен мекемедегі сынған терезелерге байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол кезде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Атап айтқанда, тыйым салынған азық-түліктер пайдаланылып, ауыз су мен кәріз жүйелеріндегі кемшіліктер комиссияның көзіне түскен, сондай-ақ асханадағы бірқатар қызметкер міндетті медициналық тексеруден өтпегені белгілі болған. Осыған байланысты балалар лагерінің лицензиясы тоқтатылған еді. Бірақ мекеме өз жұмысын тиісті рұқсатсыз қайта бастап кеткен.

 «Кәсіпкер уәкілетті органға қызметтің басталғаны туралы хабарлама жолдамағаны анықталды. Сондай-ақ білім беру қызметін жүзеге асыруға қажетті рұқсат құжаттары мен лицензиясы болмаған. Сот оны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 108 мың теңге көлемінде айыппұл салды», – деді облыстық соттың баспасөз хатшысы Ләззат Байғожина.

Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы ірі өрт оқшауланды