Жалындаған құрғақ шөпті сөндіруге 70-тен астам адам мен 15 бірлік техника тартылды
Алматы облысындағы ірі өрт оқшауланды. Қызыл жалын Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек би ауылына жақын таулы жерде шыққан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жалындаған құрғақ шөпті сөндіруге 70-тен астам адам мен 15 бірлік техника тартылды. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы әуеден 50 тоннадан астам су төгіп, өртті қысқа уақытта бақылауға алды. Мамандардың мәліметінше, еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық пен найзағайдың жиілеуіне байланысты табиғи өрт қаупі әлі де жоғары.
Еске салайық, 18 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватында 370 гектар аумақты шарпыған орман өрті болды. Кейіннен өңірде тағы 40-тан аса қызыл жалын дерегі тіркелді. Алдын ала болжам бойынша, олардың басым бөлігіне найзағайдың түсуі себеп болған.
«Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек би ауылынан 10 шақырым жердегі Бақтияр сай шатқалында мемлекеттік жер қоры аумағындағы құрғақ шөп жанған. Өртті сөндіру жұмыстарын Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков үйлестірді. Өртті жоюға төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының 70 қызметкері, 15 бірлік техникасы сондай-ақ төтенше жағдайлар министрлігінің Қазавиақұтқару авиациясы жұмылдырылды», – деді ТЖД баспасөз қызметінің маманы Ақтоты Аятқызы.
Оқи отырыңыз: Бір тәулікте 55 дерек тіркелді: ормандағы өрт ошақтары бақылауға алынды