Лицензиясыз сауда: Маңғыстауда тіркелмеген дәрілерді сатқан кәсіпкерге айыппұл салынды

02.06.2026 19:31

Тәркіленген дәрілік препараттар жойылды

Ақтауда тіркелмеген дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан кәсіпкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде киім-кешек пен азық-түлік сататын дүкеннен 200-ден астам дәрілік зат тәркіленді. Кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен ол жауапкершілікке тартылды. Оған айыппұл салынып, тәркіленген дәрілік препараттар жойылды.

«Департаментке Ақтау қаласы тұрғынынан арыз түсті. Арызбен бірге дәлелді құжаттары: фискальды чегі және сатып алынған дәріні де өткізді. ҚР тіркелмеген дәрілер анықталды. Түркия, Ресей мемлекеттерінен жеткізілген 2,5 миллион теңгеге жуық дәрі тәркіленді», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Маңғыстау облысы департаментінің басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова.

Айта кетейік, аталған дүкеннің дәрілік заттарды сатуға рұқсаты да жоқ. Яғни, кәсіпкер фармацевтикалық қызметті заңсыз жүзеге асырған. Мамандар тұрғындарға дәрі-дәрмектерді тек тиісті лицензиясы бар дәріханалардан сатып алуға кеңес береді.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматының Алма-Арасан шатқалы қоқыстан тазартылды