Әлихан Смайылов Үкіметтің бюджетті жоспарлаудағы қателіктерін сынға алды

Смайылов тиімсіз пайдаланылған қаражат туралы да айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ішкі өнім көлемі 9 триллион теңгеге өскенімен, бюджетке 335 миллиард теңге түспей қалған. Мұндай ақпаратты Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы айтты. Әлихан Смайылов бұл бюджетті жоспарлау кезінде кеткен кемшіліктер деп ашып айтты, 

Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Үкімет мүшелері Мәжіліске күнде келе бермейтінін рас. Ал күн тәрбіндегі тақырып республикалық бюджеттің есебі болса, халық қалаулылары аянып қалмасы анық. Алғашқылардың бірі болып сөз алған еліміздің бас аудиторы Әлихан Смайылов депутаттарға республикалық қазынаның қаражаты былтыр қалай жұмсалғанын жайып салды. Айтуынша, бюджет жоспары орындалмаған. Бұған қаржыны жоспарлау кезіндегі қателіктер мен салық түсімдерін асыра бағалау себеп болған. Салдарынан қазынаға 335 миллиард теңге түспеген. Смайылов тиімсіз пайдаланылған қаражат туралы да айтты. Ол 2024і жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан деп отыр. Одан бөлек, бюджет жыртығын жамау үшін келесі жылдардың есебінен алдын ала қаржы тарту жағдайлары да тіркеліпті.

«Біздің бағалауымызша, 2026 жылғы төлемдердің 154 миллиард теңгесі 2025 жылы тартылды және шамамен 900 миллиард теңгеге қосылған құн салығы қайтарылмаған. Алайда бұл бюджеттің кірістерінің және шығыстарының теңгерімділігін қамтамасыз етпеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 244 миллиард теңгеге жоспарланған қаржы бөлінбеді, сондай-ақ едәуір кредиторлық берешек қалыптасты», – деді ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов.

Смайылов көтерген миллиардтар мәселесін Қаржы министрі де айтты. Оның сөзінше, былтырғы кірістер 21,4 триллион теңге болған. Жоспар 99 пайызға орындалған. Дегенмен бюджетке 336 миллиард теңге жетпеді  деп отыр. Мәди Тәкиев мұның себебі мұнай бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы және ірі кәсіпорындардан түсетін салықтардың азаюы деп түсіндірді.

«Мұнайдың орташа бағамының 6 АҚШ долларына түсуі, болжамды 75 доллар болған, 69 долларға дейін төмендеді. Экспорт көлемінің 1,7 миллиард АҚШ долларына төмендеуі және де геосаяси жағдай мен 134 ірі кәсіпорындарынан түсетін салық төлемдерінің 709 миллиард теңгеге немесе 36 пайызға төмендеуіне әсер етті», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев

Үкімет мүшелері алдыларына келіп отырғаннан кейін мәжілісмендер тартынып қалмады. Депутат Үнзила Шапақ 17 мыңнан аса әйел бірнеше еңбек етемін деп көрсетіп, жүктілік және босану кезінде мемлекеттен 28,6 миллиард теңге алғанын айтты. Сорақысы сол, олардың ішінде 42 жерде жұмыс істеймін деп көрсеткендер де бар. Халық қалаулысы аудит есебінен сандар келтіре сөйлеп, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 67 миллиард теңге шығын келгенін жеткізді. Ол еңбек министрлігінен 17 мың деректің ішінде қанша іс сотқа жеткенін, қанша адамның жауапқа тартылғанын сұрады.

«Қазақстанның 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Олардың бәрі құқық қорғау органдарына берілді. Қазір бұл істер бойынша мыңнан астам әйел сотқа тартылған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі – 3 миллиард теңге. Осы заңсыз схемаларды іс жүзінде ұйымдастырғандарға қатысты 9 қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай.

Күн тәртібі қазына қаржысы болғандықтан мәжілісмендер Үкімет мүшелерін үш сағатқа тарта сөйлетті. Соңында отырысқа қатысқан 86 депутаттың 79-ы қаулыға жақтап дауыс берсе, бесеуі қарсы шықты. Қалған екеуі қалыс қалды. Ал Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ұзақ сөйлеп, Үкіметтің көп жұмыс атқарғанын айтып, Парламент алғаш рет мемлекеттік қарыздың, бюджеттен тыс қорлардың жай-күйі, квазимемлекеттік сектордың қызметі туралы басқа жылдарға қарағанда кеңірек ақпарат алды деді.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

 

Новости партнеров