Екінші орын иегеріне 500 мың теңге, ал үшінші орынды бөліскен екі педагогтің әрқайсысына 300 мың теңгелік сертификат берілді
Алматыда мұғалімдер арасында өткен «LinguaMaster» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бір айға созылған сайысқа қала мектептерінен 201 педагог қатысып, оның жетеуі ақтық кезеңге өтті. Қазақ, орыс, ағылшын, француз және ұйғыр тілдерінен сабақ беретін ұстаздар кәсіби шеберліктерін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Марапаттау рәсімі «Жігер» оқушылар орталығында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты – ізденімпаз мұғалімдерді қолдау және тілді оқытудың жаңа әдістерін дамытуға мүмкіндік беру.
– Барлық ұстаздар қауымын төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мектепте жұмыс істеп жүргеніме 20 жылға жуық уақыт болды. Биология пәнінің мұғалімімін. Оқушыларға білім беру – мен үшін үлкен абырой. Шәкірттерімнен үлкен үміт күтемін. Зейінді де білімді оқушыларымыз көп болсын, – деді №196 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Марина Рахметдуллаева.
Байқаудың бас жүлдесін қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ беретін Аида Ишанова жеңіп алды. Ол 2027 жылы Англияда өтетін халықаралық конференцияға жолдама иеленді. Бірінші орын алған француз тілі мұғалімі Манар Мамырбаеваға 1 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын иегеріне 500 мың теңге, ал үшінші орынды бөліскен екі педагогтің әрқайсысына 300 мың теңгелік сертификат берілді.
Сондай-ақ жаңашылдығымен және шәкірттерін жігерлендіре білуімен ерекшеленген екі ұстаз арнайы аталымдар бойынша марапатталып, 100 мың теңгеден сертификат алды.
Іс-шара барысында баланың бойындағы қабілетті танып, өзіне деген сенімін нығайтуда мұғалімнің орны ерекше екені айтылды. Қатысушылардың пікірінше, ұстаз берген білім мен тәлім-тәрбие шәкірттің өмірлік жолын табуына, мамандық таңдап, азамат болып қалыптасуына негіз болады.
– «Ұстазым, сізге мың алғыс» атты іс-шарамыз жалпы мұғалімдер қауымына арналған. Барша әріптесімді төл мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі ерекше көңіл күй ұстаздарға арналады, – деді орталық директоры Жарас Бөбекбаев.
– Бүгін бас жүлдеге ие болдым. Бұл марапаттың мен үшін маңызы зор. Оны өзімнің де, шәкірттерімнің де еңбегіне берілген баға деп білемін. Бұл – үлкен жетістіктердің бастауы ғана. Алда әлі талай белесті бағындыратынымызға сенемін, – деді №89 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Аида Ишанова.