"Әліппе" мен "Қазақ тілінің" бағдарламалары мектептерде мақұлдаудан өтіп жатыр

26.11.2025 20:19

Бұл туралы Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған

Аlmaty.tv

Қазақстанда 1-4 және 5-9-сыныптарға арналған "Әліппе", "Ана тілі", "Қазақ тілі", "Әдебиеттік оқу", "Қазақ әдебиеті" пәндерінің оқу бағдарламаларының мазмұны жаңа стандартқа сәйкес қайта қаралып, сараптамадан өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Енді стандартқа сәйкес әзірленген үлгілік оқу бағдарламалары мақұлдаудан (апробациядан) өтіп жатыр. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған. 

"Үлгілік оқу бағдарламалары сауаттылықты, сыни ойлауды, шығармашылық және зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тақырыптар ұсынылған ("Ғарышты игеру", "Экотуризм", "Қызыл кітап", "Энергия ресурстары", "Театр", "Заң" т.б.). Бұл олардың сөздік қорын байытып, ойды еркін жеткізуіне және болашақ мамандықты дұрыс таңдауларына көмектеседі. Ал, грамматика "Әдеби тіл нормалары" бөлімінде беріліп, 5 норманы қамтиды. Олар – орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық және пунктуациялық нормалар. Бағдарлама қазақ тілін меңгеруде шиыршық қағидатын, коммуникативтік бағыттылықты, жас ерекшелігіне сай тілдік білімді, функционалдық сауаттылықты, пәнаралық сабақтастықты қамтамасыз етеді", – делінген премьер-министрдің жауабында. 

Олжас Бектеновтің айтуынша, оқулықтардың құрылымы да оқушылардың жас ерекшелігі мен тілдік деңгейін ескеріп, тіл туралы білімді қарапайымнан күрделіге қарай сатылы ұсынуға негізделіп, тілді жүйелі түрде меңгертуді көздейді. 

Сондай-ақ соңғы жылдары Қазақстанда қазақ тілін оқыту тәжірибесі жаңарып, әдістемелік тұрғыда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Ең алдымен, қазақ тілін деңгейлеп оқыту тәжірибесі (A1, A2, B1, B2, C1) қолданысқа енді. Бұл жүйе оқушылардың тілдік қабілетіне қарай білім беруге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Бес өңірде ауыл дәрігерлеріне 8,5 млн теңгеге дейін төлемдер берілді