Жәбір көрген әйел қылмыстық істің әділ әрі бейтарап тергелуін талап етеді
Ем алуға келіп, есеңгіреп қалды. Алматы облысы Іле ауданында жеке тіс емдеу клиникасының дәрігері ауырып келген науқасқа күш көрсетіп, шабуыл жасаған. Бұған дейін де осы жерден талай ем алып келген 50 жастағы Боралдай ауылының тұрғыны өз шағымын жеткізуге барғанда, оны мекеме маманы тексерместен, жұлқылап, сыртқа шығарып жіберген көрінеді. Кейіннен тексеріс тіс емдеу клиникасында талаптардың қатаң бұзылып, тиісті құжаттардың болмағанын да анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысы Боралдай ауылының тұрғыны Эльмира Қазығұлова бірнеше айдан бері жеке стоматологияда ем алып жүреді. Қомақты қаржыға жасатқан тісі сынып, ауырлық сезінген әйел қызметтің сапасына көңілі толмай, клинакаға қайта барады. Бірақ бұл жолы дәрігер науқастың ауыз қуысын тексерместен, шағым білдіріп, видео түсіре бастаған әйелді күштеп шығарып салған екен.
"Алдыңғы тісім сынып, мен сол дәрігерге «тісім неге сынды» деп қайтадан бардым. Алайда дәрігер жаңағы сынған жерді қарамай, бірден алатын ақшасын санауға кірісті. Сол кезде мен бұл кісіге сенбей, телефонымды қосып, видеоға түсірейін дедім. Алайда дәрігер видео түсіргенімді көріп, қолымнан телефонымды жұлып алып, клиникасынан мені жұлқылап, үстімдегі киімімді жыртып, далаға итеріп шығарып жіберді", - дейді Боралдай ауылының тұрғыны Эльмира Қазығұлова.
Атышулы клиникаға барып, иесінен мән-жайды білуге тырыстық, бірақ мекеме жабық тұрды. Сорақысы сол, бұл стоматологияға тұтынушылардың шағымы шаш етектен екен. Навигатор қосымшасында клиникадан ем алған жұрт өз шағымдарын жазып, дәрігердің дөрекілігіне нұсқап жатыр.
Ал стоматологияның иесі бұл жағдайға қатысты навигатор қосымшасында мынандай жазба қалдырыпты.
"Ұрып-соғу туралы шағым Іле ауданының ПБ-да теркелді және қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылды. Бұл жерде дәрігердің тікелей ұрып-соғуы болған жоқ және сараптама көрсеткендей, жарақат қатты, доғал заттарға ұрылғаннан болған, адам қолынан емес. Сондықтан егер сіз біздің дәрігерге сөз келтіріп, жала жабуды жалғастырсаңыз, алдымен оның кінәсіне көз жеткізіңіз. Ештеңе дәлелденбегендіктен бұл іс жабылды. Ал медициналық қателік туралы нәтиже әлі шыққан жоқ", - делінген жазбада.
Емделуге келіп, дәрігерден опық жеген науқас Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданды. Жергілікті фармацевтикалық бақылау департаменті тексеріс жүргізіп, тәуелсіз сарапшы тағайындап, стомотологияның жұмысында көптеген заңбұзушылық барын анықтаған екен. Сорақысы сол, сараптама көрсеткендей, дәрігер коммерциялық мақсатты көздеп науқастың сақтап қолуға болатын тістерін жұлып тастаған.
"Қазығұлова деген науқас бір тісті емдеуге барған, бірақ неге екенін білмеймін, Сәрсенғалиев деген дәрігер оны үгіттеп, төрт тістін жұлып тастайды. Ол тістер осы дәрігерге, осы клиникаға келмей тұрғанда «коронканың» астында болған. Соны қозғамау керек еді. Дәрігердің өте дөрекі сөйлегені, ақырында күш қолданғаны дұрыс емес. Мен науқастың қолын көрдім, кәдімгідей жара пайда болған", - деді медицина ғылымдарының докторы, тәуелсіз сарапшы Гүлжан Ермұханова.
Алматы облысының Іле аудандық полиция басқармасында бұл оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Бірақ көп ұзамай дәрігердің күш көрсетуі бойынша іс тоқтап қалды. Жәбірлеруші тергеу әрекеттерінің үстірт жүріп жатқанын айтып, шағымын білдірді.
"Өткен 31 қазанында медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі Іле ауданының полиция басқармасында тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, объективті және толық анықтау үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - делінген Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ендігіде зардап шеккен әйел қылмыстық істің әділ әрі бейтарап тергелуін талап етіп, екі бап бойынша нақты шаралар қабылдануын сұрап отыр.
Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақ елі Мекемтас Мырзахметұлын соңғы сапарға шығарып салды