Логистика саласын цифрландыру нені талап етеді - сарапшы пікірі

28.10.2026 19:33

Президент халыққа жолдауында Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуға тиіс деген еді. Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов елде логистика саласын цифрландыру қажет деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Сөзінше, көптеген компаниялар жол парақтары мен рұқсат құжаттарын әлі де қағаз жүзінде рәсімдейді. Бұл құжат айналымын баяулатады. Сондықтан оларды цифрлық форматқа көшіру сала жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттыруға мүмкіндік бекмек.

«Құрылтай депутаты, оның ішінде цифрландыру комитеті ретінде бұл бастаманы қолдаймыз. Президент Үкіметке, Құрылтайға, Ұлттық банкке және салық органдарына 2027 жылға арналған өз ұсыныстарын әзірлеуді тапсырды. Біз де осы мәселе бойынша жұмыс істейтін боламыз»,-  деді ҚР Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов.

Қазақстан цифрлық экономика құруға тиіс. Президент жолдауда цифрландыру жұмысы нақты нәтижеге бағытталуы керек екенін атап өтті. Сөзінше, жаңа технологияларды енгізу қымбат бағдарламаларды сатып алумен шектелмей, экономика мен халыққа нақты пайда әкелуге тиіс. Ал сарапшылар цифрландыру кезінде технологияны енгізумен қатар, оның тиімділігін де бағалау маңызды екенін айтады.

«Мемлекет басшысы цифрландыру мен автоматтандырудың бір ұғым емес екенін атап өтті. Көбіне осы екі түсінік бір-бірімен шатастырылады. Сондықтан қазір жасанды интеллектіні дамытудың қаншалықты тиімді екенін, оның азаматтар мен экономикаға қандай пайда әкелетінін түсіну өте маңызды. Сонымен қатар цифрлық тетіктерді енгізу барысында осы екі ұғымның аражігін ажырата білу қажет», - деді Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев.

Оқи отырыңыз: Адалдық, ашықтық және әділдік: Сарапшылар Президент Жолдауының басты бағдарын бағалады

Толық көрсету