2029 жылға дейін тасымалдау көлемін жылына 80 мың ЖФЭ-ден 300 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр
Негізгі бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту белгіленген, оның аясында теміржол және порт инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілуде. Атап айтқанда, халықаралық серіктестерді тарта отырып, Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2029 жылға дейін тасымалдау көлемін жылына 80 мың ЖФЭ-ден 300 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жүктерді жеткізу мерзімі 18 тәулікке дейін қысқарды, келешекте оны 10 күнге дейін қысқарту көзделген. Парсы шығанағы мен Үндістан нарықтарына шығатын ең төте жол «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі дамып келеді. Салаға цифрлық технологиялар енгізу мемлекеттің басым бағыты болып қала бермек.
«Қазақстан Президенті цифрлық технологиялардың дамуына зор мән бере отырып, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осы орайда, қазіргі таңда TezCustoms платформасы енгізілуде. Ол Қытаймен шекарада рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Аталған жұмыс басқа елдермен де жалғасуда», — деп атап өтті Премьер-министр Теміржол ынтымақтастығы ұйымының бас директорлары конференциясының 40-шы отырысында.
Сондай-ақ Ұйымның қатысушыларын теміржол желілерінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында озық цифрлық шешімдерді белсенді пайдалануға шақырды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5 мың шақырым жаңа теміржол салынады – Олжас Бектенов