Жоғары мемлекеттік атаққа ие болғандар тегін амбулаториялық-емханалық қызмет алуға құқылы
Елімізде көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің жекелеген санаттары үшін қосымша әлеуметтік кепілдіктер көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспвсөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанның Еңбек Ері», «Халық әртісі», «Халық жазушысы» атақтарын қоса алғанда, жоғары мемлекеттік атақтар мен наградаларға ие болған адамдар, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары, сондай-ақ ұлттық академиялардың академиктері тегін амбулаториялық-емханалық қызмет алуға және медициналық қамсыздандыруға құқылы. Бүгінде ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығында осындай құрметті атақтардың 494 иегеріне қызмет көрсетіледі.
Бұдан басқа, азаматтардың осы санаттарына және олардың жұбайларына жылына бір рет Қазақстанда тегін санаториялық-курорттық емдеу және сауықтыру демалысы беріледі.
Қазақстанда жалпы әлеуметтік кепілдіктермен қатар мамандығы ерекше физикалық жүктемелермен және еңбек жағдайларымен байланысты әртістер үшін де арнайы қолдау шаралары қарастырылған. «Мәдениет туралы» заңға сәйкес кемінде 20 жыл кәсіби өтілі бар және зейнеткерлік жасқа дейін мамандығы бойынша жұмысын аяқтаған балет әртістері ай сайынғы ақшалай төлемдер ала алады.
Бүгінде мұндай қолдауды 56 қызметкер алып отыр, олар –рhеспубликалық опера және балет театрларының 49 әртісі, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағандыда 7 қызметкер. Жыл сайын осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 89 млн теңге бөлінеді.
2024 жылдың қаңтар айынан бері мұндай шара мемлекеттік мекемелердегі халық биі әртістері үшін де, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де қолданылады. Төлем жұмыс беруші соңғы жеті жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда 55 жастан бастап тағайындалады. Ол зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі, жеке табыс салығы салынбайды және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда мәдениет және өнер саласын қолдау шаралары қалай жүзеге асып жатыр