Мәдениеттер диалогын қалыптастырған тұлға: Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына орай жаңа кітаптары жарық көрді

Халықаралық форум Олжас Сүлейменовтің әдеби, ғылыми және қоғамдық мұрасын жаңа қырынан зерделеуге арналды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған VII Еуразия мәдениетін жақындастыру форумы өтті. Халықаралық жиынға еліміздің, Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай және АҚШ-тың мәдениет, ғылым және әдебиет өкілдері қатысты. Форумда қаламгердің шығармашылық мұрасы ғана емес, оның халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға қосқан үлесі де кеңінен талқыланды,  

Халықаралық форум Олжас Сүлейменовтің әдеби, ғылыми және қоғамдық мұрасын жаңа қырынан зерделеуге арналды. Ақын шығармашылығы 1960 жылдардан бастап қазақ әдебиетін әлемдік мәдени кеңістікке танытып, Еуразия халықтарының ортақ тарихи жадын жаңғыртуға ықпал етті. Жиында ел Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Олжас Сүлейменовті қазақ әдебиеті мен әлемдік мәдениет кеңістігіндегі ірі тұлға ретінде атап өтті. Министрдің айтуынша, қаламгердің бейбітшілік, мәдениеттер диалогы және рухани тұтастық туралы идеялары бүгінгі күрделі кезеңде де маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан форумның басты мақсаты – ақын мұрасын дәріптеп қана қоймай, оны жаңа буынға түсінікті форматта жеткізу және халықаралық деңгейде зерттеу аясын кеңейту..

«Ол кісінің тарихи еңбегі «Аз и Я»-ның елу жылдығына орай өткен жылы 7 мың данасы қордың қолдауымен басып шығарылды. Ал биыл 90 жас мерейтойына арналған 5 кітабы жарияланды», – деді Болат Өтемұратов қорының бас директоры Айнұр Кәрібозова

Олжас Сүлейменов есімі әдебиетпен ғана емес, бейбітшілік жолындағы азаматтық ұстанымымен де айрықша аталады. Форумда оның бастамасымен құрылған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының тарихи маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушылар Сүлейменов көтерген ядролық қауіпсіздік пен адамзат алдындағы жауапкершілік мәселесі бүгінгі геосаяси жағдайда да өзекті екенін айтты.

«Невада-Семей қозғалысының рөлі ерекше. Өйткені тарихымызда мемлекеттік емес ұйымдардың ішінде бірінші біздің юстицияда тіркелді. Ядролық апат әлі дер бар.  Сондықтан бұл тақырыптың маңызы зор», – деді Невада-Семей қозғалысының директоры Гүлдана Нұрпейісова.

Форумға қатысқан шетелдік және отандық ғалымдар Олжас Сүлейменов шығармаларының көпқырлылығына назар аударды. Оның еңбектерінде поэзия, лингвистика, тарих, түркі және славян мәдениеттері арасындағы байланыс қатар өріледі. Мамандардың айтуынша, Сүлейменов мұрасы бір ғана ұлттың шеңберімен шектелмейді, ол – мәдениеттер диалогын қалыптастырған ірі интеллектуалдық құбылыс. Жиын барысында ақын еңбектерін қайта басып шығару, зерттеу және жас буынға қолжетімді ету мәселелері де талқыланды.

«Олжас Сүлейменовтың идеясы өте маңызды ой салады. Ақыл-есіне кел. Дүниедегі бар жақсы мен жаманды ажыратып көрсетеді. Сондықтан Олжас Сүлейменовтың сөздері қоғам үшін өте өзекті», – деді Түрксой халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.

 Форум аясында Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған жаңа басылымдар да таныстырылды. Бұған дейін ақынның «Өз жерінің елшісі» кітабы қайта басылып, «Аз и Я» еңбегінің жарық көргеніне 50 жыл толуына орай жаңа туындысы оқырманға жол тартқан еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар қаламгер мұрасын сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жеткізуде маңызды құрал болмақ.

Айжан Дайрабай, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларға келушілер саны артып келеді

Новости партнеров