Емханалар 140 мың азаматты келісімінсіз тіркеп, ем-дом тағайындап, қордан заңсыз қаржы алған
Көрсетілмеген қызметті «көрсетілді» деп рәсімдеген. Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде миллиардтаған теңгені заңсыз жымқыру ісін анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Емханалар 140 мың азаматты келісімінсіз тіркеп, ем-дом тағайындап, қордан заңсыз қаржы алған. Бүгінде осыған байланысты 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 3,5 миллиард теңгеден асып жығылады. Мамандар бұл бағыттағы тексеру мен тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын хабарлайды.
«Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу мәліметіне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған. Кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Ал олардың деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған», – деді ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Абай облысында су тарифін заңсыз көтерген кәсіпорын жауапқа тартылды