МӘМС: қант диабетіне шалдыққан науқастар жүйедегі өзгеріске қарсылық танытты

07.08.2025 20:16

Барлық баланың әлеуметтік мәртеге қарамай, қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілуін талап етіп отыр

Қант диабетіне шалдыққан қазақстандықтар медициналық жүйедегі өзгерістерге алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Медициналық жүйедегі өзгеріске елден бұрын ұлытаулық ата-аналар өре түрегелді. Олар ауруды емдеудің МӘМС-ке өткенінен мән таппай қынжылады. «Өмірге қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай қаламыз ба?» деген көпшілік шешімді қайта қарауды сұрап отыр. Өйткені инсулинмен қатар керекті инелер, глюкометр, сорғы сынды маңызды медициналық құрал-жабдықтар тек арнайы полисі бар азаматтарға берілмек. Ал әлеуметтік себептермен сақтандыру жүйесінде тіркеуден өте алмаған отбасылар үшін бұл – үлкен мәселе.

«9 жастағы қант диабетімен ауратын балам бар. Төрт жылдан бері осы аурумен күресіп келе жатыр. Үкімет көмегін бермесе, ол дәріні ала алмаймыз. Кәдімгі дәріханаларда сатылмайды. Ал дәрі бізге ауадай қажет, өмір сүре алмаймыз», – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Жазира Абина.

«Дертке шалдыққаныма 10 жыл болды. Бұл диагнозбен ауыратын науқастарды МӘМС пакетіне қосуға қарсымын. Бізге мемлекет тарапынан қолдау қажет. Осы заңды кері қайтарып, тиісті шаралар қабылдауды сұраймыз», – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Мақпал Махамбетова.

Осылай деген ата-аналар мәселені жергілікті атқарушы билік пен Денсаулық сақтау министрлігінің қайта назарға алуын сұрайды. Олар барлық баланың әлеуметтік мәртеге қарамастан, қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілуін талап етіп отыр. Тақырыпты тарқатып, істің анық-қанығын білу үшін сарапшыға хабарластық.

 «Қызметтің кепілдік берілген көлемінен МӘМС-ке ауысуы ешқандай қауіп төндірмейді. Себебі бұл санаттағы науқастардың басым бөлігінде арнайы жеңілдік бар. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», – деді «Азия диабет» қауымдастығы атқарушы комитетінің мүшесі Жанай Ақанов.

Қазақстанда 535 мыңнан астам адам диабетпен күреседі. Оның 95 пайызы – ІІ типті, ал қалған 5 пайызы – І типтегі дертке шалдыққандар. Бұл қатардағы 5 мыңнан аса науқас – бала. Ал өз кезегінде сарапшылар мұны тек медициналық емес, ауқымды әлеуметтік мәселеге балап отыр.

«МӘМС пакеті енгізілгеннен кейін әлемде кеңінен қолданылып жүрген жаңа буындағы «Трициба» инсулинін пациенттерге ұсынуға мүмкіндік аламыз. Бұл дәрі қандағы қант мөлшерін 24 сағат бойы тұрақты ұстап тұрады. Оны 2026 жылдан бастап күтіп отырмыз», – деді республикалық Алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының бөлім меңгерушісі Фазылбек Құмарбеков.

Министрлік өкілінің сөзіне сенсек, барлық науқас сақтандырылған, яки сақтандырылмағанына қарамастан, қажетті ем-шараны бірдей ала алады. Ал қаржыландыруды МӘМС жүйесіне көшіру – заманауи препараттармен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Мемлекеттен үй алып беремін: елді алдаған шымкенттік тұрғын ұсталды