МӘМС: әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін сақтандыру жарнасын әкімдік төлейді

30.07.2025 19:19

Шымкентте 343 мыңнан астам тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр

Үш миллион қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Оның 343 мыңнан астамы – Шымкент тұрғындары, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін сақтандыру жарнасын әкімдік төлейді. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздардың да міндетті төлемін мемлекет мойнына алады. Бұл өзгеріс келер жылдан бастап қолданысқа енбек. Нәтижесінде, шамамен 1 миллион адам қосымша МӘМС жүйесімен қамтылады.

«Бұрын сақтандырылмаған тұрғындар онкологиялық скринингті өте алмайтын болса, қазіргі таңда сол онкосринингтің барлығы тегін медициналық сақтандыру жүйесінің көлемінде жүргізілетін болады. Бұл дегеніміз ауруларды ерте сатысында анықтап, тиісті медициналық көмекті ұйымдастыру және қолжетімді ету, ауруды асқындырмау», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Міндетті сақтандыру жүйесіне тартылмаған азаматтардың азаймауы – жаңа өзгерістердің басты себебі. Шымкенттің өзінде жарты миллионға жуық адам әлі күнге дейін жарна төлемей жүр. Олардың 16 мыңға жуығы ресми жұмыссыз. Қалғандары түрлі себеппен аударым жасамайды.

«Ол азаматтар ресми түрде еш жерде жұмыс істемейді. Өз бетінше табыс табатын азаматтар. Енді біреуінің жағдайы көтермесе, кейбірі әртүрлі жағдаймен сақтандырылмай келеді», – деді ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Шалқар Шерімов.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелгендер күрделі оталарды тегін жасатып келеді. Тек Шымкентте биыл 500-ге жуық ота жасалған. Мамандардың айтуынша, егер науқастар қызмет үшін өз қалтасынан ақы төлегенде,  2 миллиард теңгеге жуықтайды.

«Биыл 1 жүрек трансплантациясы жасалған болатын. Ол 2023 жылы басталған. Ол өте күрделі операциялардың бірі болып табылады. Ал бүйрек трансплантациясы қатысты биыл 10 ота жасалды», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Айта кетейік, биыл Шымкентте 3,5 миллионнан аса адам тегін тексеруден өтіп, кеңес алған. Ал жаңа заң жүзеге асса, халықтың медициналық қызметке қолжетімділігі артпақ. Бұл – жергілікті билікке де қосымша міндет жүктейді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Прокуратура Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдігін тексеріп жатыр